Алматыда алманың атасы атанған Аймақ Жанғалиевтің құрметіне мемориалды тақта орнатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда алманың атасы атанған Аймақ Жанғалиевтің құрметіне мемориалды тақта орнатылды

11.04.2019

Алматыда алманың атасы атанған Аймақ Жанғалиевтің құрметіне мемориалды тақта орнатылды. Сонымен қатар, Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының негізін қалаушы, академиктің еңбегіне арналған жиын да өтті. Тілші материалы.

Аймақ Жанғалиевтің құрметіне арналған ескерткіш тақта институт қабырғасына орнатылды. Бұдан бөлек, жиналғандар құрылым ауласына атақты ғалым зерттеген «Сиверс» алма көшеттерін де екті. Игі істермен басталған шара ғылыми конференцияға ұласты. Белгілі зерттеушілер академиктің өнегелі өмірінен естеліктер айтып, елеулі еңбектері туралы ой қозғады.

София Жанғалиева, Аймақ Жанғалиевтің қызы:

Ол кісі шаршау дегенді білмейтін. Күресуге, еңбек етуге, бау-бақша егуге ешқашан ерінген емес. Тапқан ақшасына үй тұрғызған жоқ. Керісінше, өте көп ағаш отырғызды, егін екті.

Аймақ Жанғалиев 16 жасынан бастап ғылыммен айналысқан. 96 жыл өмір сүрген ғалым 80 жылын жеміс-жидекті зерттеуге арнаған. Атап айтсақ, агроном Алатау бөктерінде өсетін алманың 150-ден астам сортын анықтаған. Бүгінде осы алма түрлерін әлем жұрты жақсы біледі.

Нұғыман Аралбай, қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы  ғылыми-зерттеу институты басқарма төрағасының орынбасары:

Ол кісінің жазған монографиялары 77 жылы шыққан бірінші монографиясы «Қазақстанның жабайы алмасы» деп аталады. Сол монография 2003 жылы Америкадан жарық көрді. Өзінің уақытын күтіп жатты ол монография. Дүниенің жүзі мойындады.

Академик жеміс-жидектен бөлек ботаника, орман шаруашылығы салаларын да кеңінен зерттеген. Оның еңбектерін халықаралық ұйымдар мен дүние жүзіндегі ғылыми қауымдастықтар да мойындаған. Соның нәтижесінде қазір Қазақстан алманың отанына айналды. Алайда, Аймақ Жанғалиев анықтап кеткен алма түрлерінің жартысынан көбі әлі құжатқа енбеген. Енді ғалымдар осы мәселені терең зерттеп, іске асырмақшы.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ                                

Хабарламаларға жазылу