Түркияда сел жүріп, дауыл соқты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда сел жүріп, дауыл соқты

27.11.2023

Түркияның бірнеше қаласында жойқын жел мен нөсер жауынның салдарынан үйлер мен көшелерді су басты. Бірқатар ғимараттардың шатыры ұшқан. Жараланғандар бар.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Ыстамбулда күн күрт суытты. Қатты желден ғимараттардың шатыры ұшып, көліктерді басып қалды. Жаңбыр мен дауылдың кесірінен теңіздегі қалааралық кеме қатынасы тоқтатылды. Бірқатар қаларалық жолдар жабылды. Мамандар жалпы Түркиядағы 81 облыстың 16-сында ауа райына қатысты дабылды ескерту жариялады. Елдің Измир, Анталия және Кастамону қалаларында теңіз суы тасыды. Үйлер мен көшелерді су басып, көлік қатынасы қиындады. Ондаған адам қауіпсіз жерге көшірілді. Ал Ризе және Сивас қалаларында қатты желден 78 ғимараттың шатыры ұшып, бір адам жараланды. Екі күнде құтқарушылар қатты жел мен су тасқынынан зардап шеккен 198 адамды құтқарған. Түркияның Қаратеңіз жағалауындағы қалаларда антициклонның кесірінен алапат жел соғып, жаңбыр жауады деген ескерту жасады синоптиктер.

Туғба Ханжы, Ыстамбұл қалалық метеорология басқармасының басшысы:

Еліміздің барлық аймағында ауа райы құбылмалы болып тұр. Бірнеше провинцияда дабылды ескерту жасалып, көлік қатынасы тоқтатылды. Осы аптада да Түркияның солтүстік бөлігінде қатты жел мен жаңбыр сақталады. Сондықтан тұрғындардың теңізге шықпауын ескертеміз.

 Айдос Әшімұлы, тілші:

Ал Зонгулдак қаласының жағалауында өткен аптада суға кеткен «Кафкаметлер» жүк кемесі экипажының төртеуінің денесі табылды. Қалған 8 теңізші әлі де іздестіріліп жатыр. Іздеу жұмыстарына ауа райының қолайсыздығы да қолбайлау болып тұр. Ал кеше Грекияның Мидилли аралына жақын жерде Египеттен Ыстамбулға тұз әкеле жатқан түркиялық жүк кемесінің суға кеткені белгілі болды. Кемедегі 14 теңізшінің өлі я тірі екені белгісіз. Қазір кеме батқан жерде құтқару-іздестіру жұмыстары жүріп жатыр.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу