Алматыда үздік жауынгерлер марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда үздік жауынгерлер марапатталды

02.11.2023

Биыл Қазақстан құрлық әскерінің құрылғанына 30 жыл. Қазіргі уақытта оның құрамына төрт өңірлік қолбасшылық кіреді. Ал бұл саладағы жауынгерлердің басым бөлігін армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери институты даярлайды. Оқу орнының түлектері қазір абыроймен ел қорғап, халықаралық оқу-жаттығу шараларында алдыңғы қатардан көрініп жүр. Адал қызметімен көзге түскен сарбаздардың рухын көтеру мақсатында, солардың біршамасы «Үздік маман» айрықша белгілерімен марапатталды.

Оқу орнын тәмамдағанына небәрі екі жыл болған 8 түлек институт қабырғасына білікті маман ретінде оралды. Кеше ғана әскери білім ордасымен қош айтысқан жас сардарлар бүгін рота командирлері. «Үздік маман» деген атаққа ие болған олар бұл сәттің толқынысқа толы, алдағы қызмет жолына тың серпін беретінін айтады.

Аян Шәйкен, 390-шы жаяу әскери бригадасы 25744 әскери бөлімінің шабуылдау батальонының рота командирі:

Шабуылдау взводының арасында өткен экспресс тест үздік взвод жарысында бүкіл Қарулы күштер арасында үздік взвод командирі атандым. Бүкіл қарулы күштердің арасындағы 8 офицерді құрметтеп, дәржеге көтеріп жатқаны біз үшін үлкен құрмет.

Сонау 1970 жылы негізі қаланған Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери институт бүгінге дейін мыңдаған білікті әскери кадрларды даярлады. Олардың арасында 100-ден астам генерал шықты. Халық қаһарманы атанған генералдар да бар. Институт оқытушыларының сөзінше, марапатқа ие болған офицерлер солардың жолын жалғастыруға әбден лайықты.

Мырзағали Дарбешев, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы құрлық әскерлері әскери институты бастығының орынбасары:

Бүгінгі марапатқа ие болған 8 түлегіміз Қазақстан қарулы күштерінде өздерін жақсы жағынан көрсетіп, жауынгерлік, дене дайындығы әртүрлі сабақтарда үздік атанған. Тек өздері ғана емес, өздерінің жеке құрамдарымен үздік озатты түлектер атанып отыр.

Үздік түлектерді марапаттау рәсіміне олардың ата-аналары, Қарулы күштердің ардагерлері және институт курсанттары қатысты. Айта кету керек, түлектерді марапаттау шарасы 2011 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу