Дәулет Мұқаев: «7-20-25» бағдарламасы жемқорлардың ордасына айналған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дәулет Мұқаев: «7-20-25» бағдарламасы жемқорлардың ордасына айналған

11.10.2023

Үкімет халықтан түскен 2,5 мың сұрақты қараған. Талдап, саралап, бүгін олардың бірқатарына Мәжілісте жауап берді. Депутаттар да сұрақтың астына алды. Президент жолдауында «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты іске асыруымыз қажет деген болатын. Бұл тұжырымдаманың жүзеге асып жатқаны бүгін парламент мәжілісінде айқын байқалды. Себебі, жиынға барлық министрліктің өкілдері қатысып, халық атынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Жаңа форматтағы жалпы отырыс басталды. Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова баяндама жасады. Халықтың атынан келген 2 жарым мың сұрақты мұқият қарадық деді. Бірнеше салаға тоқталып, атқарылған жұмысты баяндады. Бұл жиынға барлық министрліктің өкілдері келді. Сондықтан, бірден 40 депутат сұрақ қоюға өтініш берген. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов регламентті сақтайық деп ескертіп еді, қырықтың бірі - Жигули Дайрабаев дайындап әкелген 5-6 сауалын сап тиып, қағазға түсірді.

«Сұрағым бар еді мен оны жазбаша бере салайын. Сіздің айтқаныңызды басшылыққа алдым ғой. Мен сізге сұрақ қой деген жоқпын, қысқа қой дедім».

Депутат Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша елімізде 800-ден аса мектепте ыстық тамақ түгілі, асхана жоқ. Жауапты министр нақты шаралар қолданамыз деді.

Бақытжан Базарбек «қатты кетті». Сол үшін де мәжіліс спикерінен ескерту алды. Ерлан Қошанов депутатқа агрессияны тастап, этиканы сақтау керектігін айтты. Ал, Айдос Сарым ұшақпен бірге аспанға шарықтап бара жатқан билеттің бағасын айтты.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 «Air Astana»  әуе компаниясының еншілес кәсіпорны «Fly Arystan» жолаушыларды қолжетімді бағадағы билетпен қамту үшін құрылған еді. Бұл ішкі туризмнің дамуына ықпал етуге тиіс болатын. Ал іс жүзінде лоукостер билеттерінің бағасы бас компания билетімен теңесіп, жылдан-жылға өсіп жатыр. Осындай баға масқара емес пе?.

Бұған дейін вагондар сатып аламыз деген Марат Қарабев, енді ұшақтар сатып аламыз деп ақталды.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

«Былтыр 14 ұшақ сатып алынды, биыл жыл соңына дейін әуе компаниялары тағы 11 ұшақ алады».

Депутаттар сұрақты қарша жаудырып жатыр. Кей кезде регламенттің реңі бұзылып, уақыт умаждалды. Сондықтан, мәжіліс спикері отырысты тағы бір сағатқа созды. Жалпы, депутаттар ел ішін аралап, 1800-ден аса кездесу өткізген. Сондықтан, мыңдаған тұрғынның мәселесін атқарушы органдарға жеткізу - депутаттың діттегені.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Ал, депутат Дәулет Мұқаев болса, «7-20-25» бағдарламасы жемқорлардың ордасына айналған дейді.

Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 Бүгін «7-20-25» бағдарламасына лимит ашылды. Ол 5 минутта бітті де қалды. Оқырмандардан «Бұл не деген сұмдық?» деген хаттар келіп жатыр. «Менен банк менеджері 1 млн 400 мың сұрады», «Менен 700 мың теңге сұрады» деп жазылған хаттар келіп жатыр. Бұл қашан тоқтайды?.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев өзекті сұрақтарға бірден толық жауап бере алмайтынын ашық айтып, биыл мемлекеттен 10 мың пәтер берілегенін және 105 млрд теңге бөлінгенін жеткізді. Хош, 3 сағаттан артық уақытқа созылған жиын қызу талқымен өтті. Сан түрлі сала бойынша өзекті мәселелер қамтылды. Бастысы мұндай форматтағы жиын мән-мазмұнды өтетіні байқалды. Сондықтан, алдағы уақытта да ұйымдастырылмақ. Қорыта айтқанда, талқылау бар жерде түбі нәтиже де табылады.

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу