Қазақстандық желаяқ бойжеткен рекорд жаңартты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық желаяқ бойжеткен рекорд жаңартты

26.09.2023

Қазақтың қаршадай қызы Айдана Тұрсын өрт сөндіру және құтқару спортынан өткен Әлем чемпионатында ғимараттың екінші қабатына көз ілеспес жылдамдықпен өрмелеп шығып, рекорд жаңартты. Оның мұндай шапшаң іс-әрекеті көпті тәнті етіп, таңқалдырды. Желаяқ бойжеткен Түркістан облысы Төтенше жағдайлар дапертаментінде қызмет атқарады.

Чемпионатта сайыстың бұл түрі небәрі 7,2 секундқа созылды. Сөреден ытқып шыққан Айдана желдей есіп, мәреге бәрінен бұрын жетті. Осылайша ол қазақстандық рекордты 0,41 секундтқа қысартты.

Айдана Тұрсын, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері:

Адамдар таң қалып жатыр. Адам қорқынышты жеңе алуы керек. Көбісі жүгіріп келе жатып, қорыққаннан жылдамдығын жоғалтып алады. Ол кезде қорқынышты өткізіп жіберу керек. Көбісі сол техниканы біле бермейді.
Өрт сөндіру және құтқару спортының әлемдік бәсекесіне 18 елдің командасы қатысты. Бәсі жоғары жарыс бірнеше сайыс түрі бойынша өтті. Айдана сондай-ақ 100 метрге кедергілермен бәсекесінде де топ жарды. Спортшылар бұл жарыста биіктігі адам бойындай болатын кедергіден асып өтіп, мына жалғыз аяқ өткелдің үсітімен құламай жүгіріп өтуі тиіс. Және осы аралықта олар су жүретін шлангілерді дәлме-дәл жалғап кетуі керек.

Айдана бұл кезеңде де рекорд жаңарты. Әлемдік бәсекеде Қазақстан құрама командасының намысын онымен бірге төтенше жағдай қызметінің тағы 9 құтқарушысы қорғады. Олар жарыс алдында күніне 3-4 сағаттан екі рет жаттығу жасап әзірленді.

 Музаффар Ирисов, Төтенше жағдайлар департаменті жедел кезекшісінің көмекшісі, команданың бас жаттықтырушысы:

Спортқа қатты қызығады. Ол бізге келгеннен бері жаттығуларын уақытылы өткізіп, бос уақытын осыған арнайды. Алда Қазақстанның емес, әлем рекордын жаңартады деген ойдамын.
Айдана төтенше жағдай департаментінің кадр бөлімінде қызмет атқарады. Аға лейтенант шенінде. Жеңіл атлетикамен әбден есейген шақта, 18 жасынан бастап шұғылдана бастаған.

Айдана Тұрсын, Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері:

Інім сол кезде футболға қатысатын еді. Соған «апаршы» деп жылап жүріп барғанмын. Өзімді солай спорттан таптым. Адам өзі қандай қабілеті бар екенін білмейді. Мен де білгенім жоқ, шыны керек.
Желаяқ бойжеткен өрт сөндіру және құтқару спорты бойынша былтыр Самарқан қаласында өткен әлем чемпионатында да топ жарған болатын. Биыл да жарыстан келе сала қайтадан жаттығуларына тыңғылықты кірісіп кетті. Ендігі мақсат әлемдік рекорды жаңарту.


Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу