Президенттің бизнес өкілдерімен кездесуі: «Жаңа қоғамдық шарт» термині деген не? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президенттің бизнес өкілдерімен кездесуі: «Жаңа қоғамдық шарт» термині деген не?

17.09.2023

Тәжікстанға сапарының алдында Мемлекет басшысы Ақордада бизнес өкілдерімен кездескен еді. Жиында «жаңа қоғамдық шарт» термині айтылды. Бұл не қылған келісім? Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет пен кәсіпкерлерге өзара сенімге негізделген шарт жасасуды ұсынып отыр.
Мемлекет бизнестің дамуы мен қорғалуына барынша жағдай жасайды, ал «кәсіпкерлер салық төлеу, экономикаға инвестиция құю, жұмыс орындарын ашу, қызметкерлеріне қолайлы еңбек орта қалыптастыру секілді міндеттерді адал орындайды», - деді Президент.

«Мемлекет – түнгі күзетші» деген модель бар. Шотландиялық экономист Адам Смит «көрінбейтін қол» метафорасын қолданған. Оған сай, мемлекет нарықтың еркін жұмыс істеп тұруына тек жағдай жасап беріп тұруы тиіс. Қалған дүниені сол «көрінбейтін қол» реттеп береді.
Қарапайым мысалмен түсіндіріп көрейік. Базарды елестетіңіз. Жүздеген саудагер жеміс-көкөніс, ет-сүт өнімдерін сатып тұр. Халық күнделікті он мыңдаған теңгеге сауда жасайды. Күнделікті осындай сауда келісімдерінің нәтижесінде нарықтағы әр тауардың «орташа бағасы» қалыптасады.

Мысалы, қазір алманың бір келісі шамамен - 700 теңге. Бірақ бір сатушы көбірек табыс табамын деп, алмасының құнын нарықтағыдан өсіріп жіберіп, 2000 теңгеден сата бастады делік. Орташа бағаға үйренген халық одан алма сатып алмайды. Немесе басқа мысал. Өзге сатушы шіріген, сапасыз алманы нарықтағы бағадан бірнеше есе төмен, 100 теңгеден сата бастайды. Бірді-екі адам алмаса, оның да саудасы тоқтап қалатыны анық.

Осылайша, жүздеген сатушы жеке мүддесін ойлап, көбірек ақша табуға талпынғанымен, бәсекелестік тұтынушыға сапалы әрі бағасы қолжетімді алма ұсынуға мәжбүрлейді. Сондықтан бұл механизм «көрінбейтін қолмен» басқарылатындай...

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынып отырғаны да осы. Мемлекет репрессивті сипаттан гөрі «түнгі күзетші» қызметін атқарып, не «көрінбейтін қолмен» жағдайды реттеп тұрса, ал бизнес өз ісіне адал болса...

Қаңтар оқиғасынан кейінгі Президенттің бизнесмендердің дәл осындай кездесуі еске түсіп тұр. «Қазақстан байлығының жартысы тек 162 адамның қолында» деген еді. Ал бұл жолы: «Президент те ауысты, ал кәсіпкерлер сол баяғы» деп, Қазақстан бизнесінің кеңеймей тұрғанын меңзеді.

Биылғы Жолдауында орта бизнес өкілдерінің аз екенін де сынаған еді. Шағын, ірі бизнес біртіндеп дамып жатса, кішігірім кәсіптен орташаға дейін ұлғайтуда проблема бар екені жасырын емес. Оған не себеп? Президент бизнесмендермен кездесуде тағы қандай мәселелерді көтерді? Айя Мүтәлі жалғастырсын.

Айя Мүтәлі, тілші:
Кәсіпкерлермен кездесу бұл жолы Ақордада өтті. Форбс тізіміндегі бизнес иелерінен бөлек, жиынға мемлекеттік орган басшылары да қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев әуелі саланы дамыту бойынша Үкіметтің есебін тыңдап, кейін кәсіпкерлерге сөз берді. 
Әсіресе, шаруалардың айтары көп. Толассыз жауын-шашынның кесірінен диқандар биыл бітік шыққан бидайды жинай алмай шығынға баттық деп отыр. Олар берілген несие мерзімін ұзартуды әрі шаруаларға бөлінген субсиядияны толық төлеуді сұрайды.

Фарид Әбітаев, «Астана-бизнес» ЖШС директоры:
Бүгінге дейін 177 млрд теңгенің субсидиясы әлі төленбеді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы техникаларына салынған салықты алып тастауды сұраймыз. Себебі, геосаяси шиеленістерге байланысты нарықта көрші елдердің өнімдері қаптап кетті. Ал бұл елдерде агрокешенге қолдау жақсы. Техника мен тыңайтқыштар арзан.
Туризм саласында еңбек етіп жүргендер де мемлекеттен көмек сұрап отыр. Олар жергілікті әкімдіктер әрбір ұсынысымызға бей-жай қарамаса екен дейді.

Елена Асылбекова, кәсіпкер:
Туризмнің арқасында жергілікті фермерлер демалыс базаларын ет және көкөністермен қамтамасыз етеді. Таксистер 2 ай ішінде отбасын бір жыл бойы асырайтын қаржы табады. Курорттық аймақтар дамыған соң, жазғы жұмысқа тартылған жергілікті халықтың өмір сүру сапасы айтарлықтай өсті. Ал бізге қарағанда шетелдік инвесторларға көбірек көмек көрсетіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасы мүлде жаңа үлгіге көшуге тиіс деді. Себебі, кәсіпкерлерге қысым көрсету әлі тыйылмай тұр. Бағаны шектеу, реттеу секілді кеңестік заманындағы әдістер сақталғанын сынға алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мәселен, бақылаушы органдар мен соттар заң бұзушылықтың формальды белгілерін анықтаған кезде, оның мән-жайын тексеру қағидатын басшылыққа алмайды. Кәсіпорын қызметіндегі кез келген, тіпті болмашы қателіктің өзі көбіне қылмыс сияқты қаралады. Нәтижесінде еліміздің экономикасы ұдайы қылмыстық-құқықтық қысымға ұшырайды.
Ал 30 жылда бірнеше рет реформаға ұшыраған салық саясаты әлі күнге реттелмеген. Бүгінде қазынаға салық төлеп отырған 260-қа жуық компания ғана бар. Ал еңбекке қабілетті 4 млн адам ай сайынғы табысын жасырып жүр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Заңнама неғұрлым оңай болса, оны қате түсіну ықтималдығы да соғұрлым азаяды. Сондықтан рәсімдерді түбегейлі қысқартып, екіұшты тұжырымдарды жою қажет. Барлық даулы жағдай салық төлеушілердің пайдасына қарай түсіндірілуі керек.
Шағын, орта бизнестен өңдеу өнеркәсібіне көшіп, өнім шығарамын деген кәсіпкерлерге де кедергі көп. Содан кәсіпорындардың «ғұмыры» ұзаққа бармайды. Ал жауаптылар жергілікті өнімге қатысты жалған мәлімет беретінін Президент біліп отыр. Сондықтан сала дамымай, бір орында тұр, деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Елде әкімдер, министрлер, премьер-министрлер ауысып жатыр, тіпті президент өзгерді, бірақ кәсіпкерлер, әсіресе, ірі бизнесте сол баяғы кәсіпкерлер әлі жүр.
Сарапшы Жангелді Шымшықовтың сөзінше, ірі бизнестегі ең үлкен проблема – мемлекеттен жер алу.

Жангелді Шымшықов, экономист:
Соны жеңілдету керек. Жер керек пе, міне ал, егер кәсіпкер боламын десең. Екінші, капитал. Капиталды ешкім қалтасынан салмайды. Шетелдің тәжірибесіне келсек. Лизинг деген бар. Оп-оңай ұзақ мерзімге арендаға мәшине аласың ба, құрал сайман аласың ба, барлығы ұйымдасқан. Оны кім істейді? Мемлекет ұйымдастыруға тиісті. Үшінші қолжетімді кредит болу керек. Дүниежүзінде 3 пайыз, 5 пайыз. Одан аспайды кредит. Ал бізде бүгін 45 пайыз. 45 пайызға кім кредит алып, кәсіпкерлікті көтереді? Ойлаңызшы.
Айя Мүтәлі, тілші:
Жалпы Президент заңсыз актив иелеріне соңғы ескерту жасап, экономикаға қаржы құюға шақырды. Өйткені жасырғанын өз еркімен жария етсе де, кейін кеш болуы мүмкін. Ал Атамекен кәсіпкерлер палатасын трансформациялау тапсырылды. Ол бұдан былай әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыруда негізгі міндеттерді атқаруы керек. Жолдауда айтылған ел экономикасының дамуын 6-7 пайызға дейін жеткізу міндетін Президент бизнесмендермен кездесуде тағы қайталады. Ол үшін өндірісті көбейту керек екені түсінікті. Президент мемлекет тарапынан қолдау болатынына кепілдік беріп отыр, тек кәсіпкерлер адал еңбек етсе дейді.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу