Осы аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанға жұмыс сапарымен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осы аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанға жұмыс сапарымен барды

17.09.2023

Осы аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанға екі күндік жұмыс сапарымен барды. Алдымен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының V Консультативтік кездесуіне қатысты.

Осы жиында Президент кейінгі жылдары «Орталық Азия +» форматындағы ынтымақтастық жандана түскеніне назар аударды. Әрі аймақтағы әріптестерін әлемнің ірі ойыншыларымен болатын сондай кездесулерде бірауызда болуға шақырғандай болды.

Оны мына сөзінен аңғаруға болады: «Аталған форматтар барынша тиімді болуы үшін ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, олардың сапалы мазмұнын бірлесе байыта түсуіміз қажет. Біздің ойымызша, ортақ немесе барынша ұқсас ұстанымға келіп, әлемдік қоғамдастыққа ынтымағымыз бен бірлігімізді көрсету маңызды».

Ендігі аптада Орталық Азия елдерінің басшылары Нью-Йоркте АҚШ Президенті Джо Байденмен осындай форматта кездесу өткізетінін ескерсек, президенттер «ортақ ұстанымды» пысықтады деп те болжауға болады.

Бірақ «бестік» бір мәселеде ортақ мәмілеге келе алмады деуге негіз бар. Тәжікстан мен Түркіменстан биыл да «XXI ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы» шартқа қосылмады. Бұл құжатқа Былтыр Шолпан-Атада өткен саммитте Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан қол қойып, тек Тәжікстан мен Түркіменстан қалыс қалып қойған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыны меңзеп, «Бүгінде біздің басты міндетіміз – осы құжаттың тезірек күшіне енуін қамтамасыз ету. Бұл Шарт мемлекеттеріміздің кемеліне келгеніне және өз аймағымыздың тағдырын дербес анықтауға дайын екеніне айқын саяси дәлел болады»,-деді.

Келесі күні Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттер басшылары Кеңесінің отырысы өтті. Екі саммитті де тілшіміз Данияр Қайыртай бақылады.

Данияр Қайыртай, тілші:

Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуі соңғы рет былтыр шілдеде Қырғызстанда өткен еді. Сол кезде президенттер биылғы Саммитті Тәжікстанда өткізуге келіскен болатын. Әрі Әзербайжан басшысын құрметті қонақ ретінде шақыруға уағдаласқан еді.

Халықаралық аренада аймақтың беделі артып келеді. Бұған Консультативтік кездесулер форматына бауырлас Әзербайжан елінің қосылғаны да дәлел. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия сауда, инвестиция, бизнес пен ғылымда жаңа экономикалық мүмкіндіктер кеңістігіне айналды» деді. Әрі алдағы он жыл «бестіктің» келешегін айқындайтын тарихи кезең болатынын айтты. Алдымен елдер арасындағы сауда-саттық қарқынын ұлғайтуды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің елдеріміздің өзара тауар айналымын алдағы уақытта 15 миллиард долларға дейін жеткізу үшін мол мүмкіндік бар. Қазақстан өңірдегі елдерге өз экспортын 175 шикізаттық емес тауар түрі бойынша ұлғайта алар еді. Елдеріміздің іскер топтары сауда айналымын кеңейтетін негізгі жетекші күш болуға тиіс. Кәсіпорындар арасында тікелей байланыс орнату үшін тауар өндірушілердің бірыңғай электронды базасын құруды ұсынамыз.

Ал бұдан шығатын мәселе – өнеркәсіп кооперациясы. Яғни азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс және химия өнеркәсібі салаларында тауар өндіру бойынша кластерлік кооперациялық жобалар жасау ісін қолға алған маңызды. Әлемнің көп елі осындай үрдіске көшкен. Сондықтан, Қасым-Жомарт Тоқаев, Орталық Азия мемлекеттерінің өнеркәсіптік кооперациясын дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеуді ұсынды. Ал аймақтың қарқынды дамуы үшін тірек бағыттың бірі – елдердің көлік-логистикалық әлеуеті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Орталық Азия Солтүстік пен Оңтүстікті, Батыс пен Шығысты байланыстыратын жаһандық жолдардың торабында орналасқан. Бұл – аймақтың келешегіне кең жол ашатын елеулі артықшылығымыз. Қазіргі кезеңде Транскаспий халықаралық көлік бағдары ерекше рөл атқарады. Орта мерзімді перспективада аталған дәліз арқылы жүк тасымалдау көлемі бес есе ұлғаюы мүмкін.

Мемлекет басшысы Қазақстан Еуразияның транзиттік хабы ретінде өз рөлін күшейтуге ниетті екенін жеткізді. Осындай мақсатпен «Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол жобалары мен «Жаңаөзен – Түркіменстан шекарасы» автомобиль жолы салынып жатқанын айтты. Консультативтік кездесуде тараптар осы саланы дамытуға арналған келісімге де қол қойды.

Жамшед Жумахонзода, Тәжікстан сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы:

Орталық Азия елдері арасында көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы келісімге қол қойылды. Демек енді алыс-беріс артып, барыс-келіс көбейеді. Қазірдің өзінде жаңа дәліздер ашылып жатқанын байқаймыз. Бұл – аймақ ішіндегі ғана емес, аймақтың әлемнің басқа ойыншыларымен де сауда-экономикалық қарым-қатынасын нығайтуға сеп.

Президент геосаяси шиеленістің күшеюіне байланысты өңірдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш-жігер біріктірудің маңыздылығына да тоқталды. Ол үшін Достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарттың тез арада қолданысқа енгізу қажеттігін айтты.

Салтанат Джакубаева, «Аймақтық мәселелерді талдау» ҒЗО сарапшысы, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ:

Халықаралық мына жағдайда, әртүрлі ушығу, қақтығыс жағдайындағы мәселелер таразыға салынған кезде бұндай ішкі мәселелер, шекара, су-энергетика мәселелері екіжақты келіссөздер нәтижесінде, осындай саммиттер нәтижесінде өз шешімін табады деп сенемін. Бес ел бірігіп, жұмылып, аймақтағы қауіпсіздік мәселелерін, әр елдің тәуелсіздік мәселелерін бірінші тәртіпке қоюы керек.

Осы мақсатпен келесі жылы Қазақстанда Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары деңгейінде Орталық Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі диалог өтуі мүмкін. Мемлекет басшысы былтырғы Саммитте айтқан жалпыөңірлік телеарна мен жаңалықтар сайтын құру бастамасын биыл тағы көтерді. Әрі ендігі жылы Орталық Азия елдері тарихшыларының форумын өткізуді ұсынды.

Саммит соңында тараптар қорытынды декларация мен екі құжатқа қол қойды. Ал Консультативтік кездесу форматына төрағалықты Қазақстан қабылдап алды. Демек Орталық Азия елдерінің басшылары ендігі жылы Астанада бас қосады.

Данияр Қайыртай, тілші:

Қазақстан ендігі жылдан бастап тағы бір саяси диалог алаңына төрағалық етеді. Халықаралық Аралды құтқару қорының саммитінде президенттер осындай мәмілеге келді. Жоғары деңгейдегі келесі кездесуді де 2026 жылы біздің тарап өткізбек. Аталмыш қор осыдан 30 жыл бұрын Орталық Азия елдері су мәселесінде өзара ынтымақтастық орнатып, Арал теңізін қалпына келтіруге ықпалдасуы үшін құрылған.

Султон Рахимзода, Аралды құтқару халықаралық қоры атқарушы комитетінің төрағасы:

Қор құрылған отыз жылда төрт рет Арал бассейнінің бағдарламасы қабылданды. Қазір соңғы құжаттың негізінде 650 млн долларға ұлттық және аймақтық деңгейде түрлі жобалар іске асырылып жатыр.

Саммитте Президент Қ. Тоқаев халықаралық сарапшылардың мәліметіне сүйеніп, аймақтағы температура орташа көрсеткіштен әлдеқайда тез көтеріліп баратынын айтты. Соның кесірінен Аралдың негізгі су көзі саналатын мұздықтар еріп жатыр. Мемлекет басшысы «кейінгі 50 жылда мұздықтар көлемі 30 пайыз кішірейген» деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сарапшылардың бағалауы бойынша 2050 жылға қарай Орталық Азиядағы қуаңшылық жылына ЖІӨ-нің 1,3 пайыз мөлшерінде зиян келтіруі мүмкін. Бұл 5 миллионға жуық ішкі «климаттық» мигранттың пайда болуына түрткі болады.

Өңірдегі екі негізгі өзен – Сырдария мен Амударияның арналарында 65 текше км суды бөгейтін 80-нен астам қойма салынған, деді Президент. Ал бұл әлеуметтік-экологиялық проблемаларды ушықтырады. Сондықтан мемлекеттер су саясатында табиғи ресурс шектеулі екенін ескеруі керек, деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Цифрлық технологияларды енгізу арқылы суды барынша үнемдеу – ынтымақтастығымыздың негізгі бағыты бола алады. Жуырдағы Жолдауымда мен су мәселесіне ерекше назар аудардым. Менің тапсырмам бойынша Қазақстанда жеке ведомство – Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Барлық көршілес мемлекеттермен конструктивті қарым-қатынас жасаймыз деп сенемін.

Бұл іске қазір кіріспесе, арты қауіп пен жанжалға әкелетінін мамандар көптен айтып келеді. Аймақта тұратын халықтың су ресурсына мұқтаждығы жылдан жылға артып барады

Султон Рахимзода, Аралды құтқару халықаралық қоры атқарушы комитетінің төрағасы:

Егер 1960 жылдары аймақтағы елдерде адам басына шаққанда 8,4 мың текше метр судан келсе, қазір бұл көрсеткіш 2 мыңнан да аз. Индикатор 4 есе кемігенін көріп отырмыз. Бұл үрдіс жалғаса берсе, 2040 жылға қарай адам басына небары 1 мың текше метр судан ғана жаратылатын болады.

Президент Қ.Тоқаев Қордың тиімділігін арттыру үшін басқарма мен Атқарушы комитеттің өкілеттігін және жауапкершілігін кеңейтуді ұсынды. Әрі Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясын Мемлекетаралық су-энергетикалық комиссия ретінде қайта құруды ұсынды

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Арал теңізі бассейніндегі су ресурстарын есепке алатын, мониторинг жасайтын, басқаратын және бөлетін бірыңғай автоматтандырылған жүйе енгізу бойынша жұмыс жоспарын әзірлеу керек. Бұл бастаманың жүзеге асырылуы аймақтағы суды пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз етеді.

Президент Орталық Азия елдерінің климат мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесін құру бастамасын да көтерді. Әрі Қырғызстан қайтадан аталмыш қордың толыққанды мүшесі болады деп үміттенетінін айтты. Саммит қорытындысында бірнеше құжатқа қол қойылды

Данияр Қайыртай, тілші:

Тәжікстан астанасында екі күн бойы жиын өткізген Орталық Азия елдерінің басшылары келесі аптада Нью-Йоркке барады. Алғаш рет АҚШ президентімен 5+1 форматында кездесу өтеді деп жоспарланған. Бұл – геосаяси ахуал ушыққан тұста тұтас аймаққа деген қызығушылық артқанына тағы бір дәлел. Ал Орталық Азия мемлекеттері бұдан өз пайдасын түгендеп шыға ала ма?

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу