Еңбек адамы: Оралдық бағбан алманың 200-ден астам түрін өсіреді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еңбек адамы: Оралдық бағбан алманың 200-ден астам түрін өсіреді

16.09.2023

Оралда селекционер-бағбан Қайрат Кәрімовтың тәлімбағында алма мен жүзімнің 200-ден астам, тал-терек пен гүлдің 100-ге жуық түрі өсіріледі. Бақта жеміс-жидек сатып, пайда табу үшін емес, ғылыми зерттеу жасап, жаңадан сұрып алу мақсатымен күтіп бапталады. Өз ісінің фанаты, ғалым әрі қарапайым еңбек адамымен әріптесім Ардақ Мұратқызы тілдесіп қайтты.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Мұндағы 7 га тәлімбақта алманың 200-ден астам түрі өседі. Аумақта 6 мыңнан астам түп ағаш бар. Алманың жерге түсіп, шірігенін де алуға болмайды. Өйткені ғылыми зерттеу жұмысы үшін әр түйнек есептеулі тұр.

Қайрат Кәрімов алма өсіруді тоғыз жыл бұрын қолға алды. Ерінбеді, еңбектенді, ізденді. Еліміз бен Ресей ғалымдарының кеңесін алып, тәжірибесіне жүгінді. Нәтижесінде арамшөп қаулаған жерде әсем бақ пайда болды. Негізінен мұнда аптап ыстық пен суыққа төзімді келетін, әрі өнімді молынан беретін алма түрлері өсіріледі.

Қайрат Кәрімов, селекционер-бағбан:

Мына алмалар қысқа сақталатын алмалар. Бір-біреуі - 490 грамм, яғни жарты келіге дейін барады. Қолмен жұмыс істеуден қорықпау керек. Қол еңбегін жақсы көру керек. Ұйқысыздық, депрессия деген - осы ғасырдың ауруы шығар. Жұмыс істеген адамда ондай түсінік болмайды. Адам жұмысты жақсы көріп істеуі керек қой.

Алмамен бірге бақта жүзім де жайнап тұр. Бағбанның бағында жемістің 170 түрі отырғызылған. Күтіп баптап, жаңа сұрып алады. Тәлімбаққа алыс-жақыннан, шетелден келушілер легі үзілмейді.

Жанболат Аман, Еуразиялық экономикалық комиссияның мүшесі /Мәскеу/:

Студент кезімізден доспыз. Қайраттың осындай мақсаты бар екенін білгем жоқ. Қараңызшы, қаншама еңбек?! Осының бәрін тек қана екі кісі - жолдасы екеуі жасады, бәріне үлгереді. Адам сенгісіз. Олар баққа жанын салған. Бұл - жәй қара жұмыс емес, бұл - нағыз еңбек.

Халықаралық дәрежедегі тәлімбақта көздің жауын алатын гүл мен тал-терек түрлері де жайқалып тұр. Әр ағаштың өсіп-өнуі көшет кезінен хатқа түседі. Яғни гүлдеуі, өнім беруі, салмағы мен түр-түсі есепке алынады. Оның қорытындысында жергілікті жерде шаруашылық мақсатта өсіруге болатын жеміс түрлері іріктеледі. Бағбан болашақта шаһарда ботаникалық бақ ашуды да ойластырып отыр.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу