Атырау облысына қарасты Қызылқоға ауданында жылыту маусымына дайындық пысықталды. Мамандар қазір Миялы ауылының маңындағы табиғи фактордың әсерінен ақауға ұшыраған газ құбырын жөндеп жатыр. Жұмыстың жүру барысын өңірге арнайы барған «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясының бас директоры тексерді.
Көктемде тасыған Ойыл өзені, Миялы ауылының маңындағы сайға құйылып, екпіні қатты ағыс жер астына көмілген газ құбырын шайып, су бетіне шығарып жіберген еді. Сол ақауды жою үшін жұмылдырылған мамандардың жұмысы ауыл тұрғындарының көңілінен шықты. Қазір жөндеу жұмыстары аяқталып келеді. Осылайша, жылыту маусымында көгілдір отынсыз қаламыз ба деп дабыл қаққан жұрттың күдігі сейілді.
Хамидолла Әбдірахманов, Миялы ауылының тұрғыны:
От жағу мен тезек теру, қи жағу, көмір жағуды ұмыттық қой. Халықтың бәрі осыған сеніп алған. 20 күннен кейін жылыту маусымы басталады. Қалай болады деп уайымдап жүр едік. Тіпті, жақсы болды. Тез жасалады деп ойлаған жоқ едік.
21 елдімекеннің тіршілігі осы су бетінде қалқып тұрған газ құбырына тәуелді. Қауіпсіздікті бірінші орынға қоятын «ҚазТрансГаз Аймақ» мамандары сай жанынан қауіпсіз орын таңдап, арнайы техникамен бұрғылап 8 метр тереңдікте 150 метр жаңа газ желісін жүргізді. Қазір қауіпсіздігі тексеріліп жатыр.
Мейірхан Бозай, мердігер мекеменің бөлім басшысы:
Диаметрлі газ тұрбасын өткізіп шығардық. Қазір біздерде енді ауаның қысым беріп, опрессовкасы берілгеннен кейін басты магистралға жалғанып, халыққа газ тұтынуға пайдалануға беріледі.
Тексеру-жөндеу жұмыстары тек Миялы ауылында ғана емес, еліміздің барлық өңірлерінде жүргізілген. Жауаптылар жылыту маусымына сақадай саймыз деп отыр.
Бауыржан Асқаров, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бас директоры:
ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясының басты міндеті газ тұтынушыларға көгілдір отынды апатсыз, уақытылы, сапалы тасымалдау, жеткізу. Жылыту маусымына 100 пайыз «QazaqGaz» компаниясы дайын.
Су бетіндегі қалқып тұрған құбыр кесіледі. Ал, көгілдір отын жер астымен жүргізілген жаңа желіге бағытталады. Жөндеу жұмысы апта соңына дейін аяқталады.