Ақтөбеде 5-ші жыл қатарынан ұйымдастырылған «Бақытты бала» вокалды ән фестивалі өз мәресіне жетті. Шешуші кезеңде әлемнің түкпір-түкпірінен іріктеліп шыққан 20 талант өз өнерін көрсетті. Әділқазы мүшелері үшін кіл мықтының ішінен үздігін анықтау оңайға соқпады.
Қанат Айтбаев, ҚР Мәдениет қайраткері, қазылар алқасының мүшесі:
Балалардың таланты өте жоғары, бәрі бірінен бірі кем емес, деңгейлес балалар. Оларға баға беру өте қиын болды. Айырмашылығы жарты балл, бір балл деңгейінде ғана болды. Қазылар алқасы екі күн бойы ақылдаса отырып, өз шешімін шығарды.
Бірегей жоба әлем өнерпаздарының басын бір арнаға тоғыстыратын ауқымды ән бәйгесіне айналды. Халықаралық деңгейдегі ән байқауына Қазақстаннан бөлек, Эстония, Ресей, Маврикия аралдары, Испания елінен үміткерлер келді. Сонымен, бас жүлде маңғыстаулық Айым Бекмұратқа бұйырды. Ол 1 млн теңге қаржылай сыйлықпен марапатталды. Бірінші орынды астаналық Жасмин Тілеуімбетова мен испаниялық жас әнші Люсия Кссаниге бұйырды.
Айым Бекмұрат, «Baqytty bala» байқауының бас жүлде иегері:
Менімен бірге көп қатысушылар қатысты. Олардың барлығы басқа елдерден келген. Өте мықты дайындалып келген. Гран-При ұтқаныма өте қатты қуанып тұрмын.
Жақсыбек Кемал