«BALA Turkvizyon-2015» халықаралық балалар ән байқауының іріктеу кезеңі басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«BALA Turkvizyon-2015» халықаралық балалар ән байқауының іріктеу кезеңі басталады

28.05.2015
«BALA Turkvizyon-2015» халықаралық балалар ән байқауының іріктеу кезеңі басталады

Заманауи түркі тілдес елдердің тарихындағы тұңғыш рет қолға алынған «Bala Turkvizyon»  халықаралық жобасы 30 мамырда Алматы қаласында отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін гала-концертте салтанатты түрде ашылады. Сол күннен бастап барлық түркі тілдес елде іріктеу  кезеңі басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл - түркі елдерінің тарихында тұңғыш рет қолға алынып отырған шара. Оған түркі әлемінің 20-дан астам елінің дарынды балалары қатысады. Көп ұзамай Қазақстан эстрадасының жас жұлдыздары - 16 тәлімгер еліміздің 16 өңіріне барып, дарынды балаларды таңдайды. Еліміздің барлық дарынды баласын түркі әлемінде ойып тұрып орын алатын  халықаралық «Bala Turkvizyon» балалар ән байқауының іріктеу кезеңіне қатысуға шақырамын», - деді «Жандану әлемі» қорының басқарма төрағасы Мұрат Исаханов.

Қазақстан эстрадасының жас жұлдыздары - 16 тәлімгер еліміздің 14 облысы және Астана мен Алматы қалаларына барында іріктеу өткізеді.

Байқаудың іріктеу кезеңі 8 маусымнан 1 тамызға дейінгі аралықта  ұйымдастырылады. Іріктеуге 8-13 жас аралығындағы дарынды балалар қатыса алады.

Іріктеуден өткен 16 дарынды жасөспірім Алматыға шақырылады. Олар өнер жұлдыздарынан вокал, әртістік шеберлік, сахнадағы қозғалыстар және хореография бойынша дәріс алады.  

Байқауға арнап қазақ тілінде 16 жаңа композиция жазылады. Сондай-ақ, 16 эстрада жұлдызы 16 баланың тәлімгері атанады.  

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қыркүйек айының соңында Астана қаласында «BALA Turkvizyon-2015» ұлттық іріктеу байқауының финалы өтеді.  Байқау жеңімпазы Қазақстанның атынан халықаралық «BALA Turkvizyon-2015» байқауына қатысады.

Ал, халықаралық «BALA Turkvizyon-2015» байқауының гранд-финалы қазан немесе қараша айында Түркіменстанның Мары қаласында ұйымдастырылады.

Айта кетейік, «BALA Turkvizyon-2015» ұлттық байқауы «Жандану әлемі» қорының қолдауымен өтеді. 

Хабарламаларға жазылу