Ұлттық құрылтайдың басты мақсаты жаңа идеялар мен өміршең бастамаларға жол ашу. Сол арқылы бірлікті нығайту. Бүгінгі құрылтайда ұлт болашағы төңірегінде 50-ге тарта ұсыныс айтылып, қоғам тұтастығы, білім мен ғылым, мәдениет пен өнер, руханият саласына басымдық берілді. Жиынға қатысқан тілшіміз құрылтай мүшелерімен тілдесіп пікірлерін біліп көрді.
Ғани Қалмаханов, тілші:
Ұлтты ұйыстыру, қоғамды дамытудың бағдарларын екшеуді мақсат еткен ұлттық құрылтайдың екінші жиыны жаңа ғана аяқталды. Мұнда кешегі өткен секциялық отырыстардағы айтылған ұсыныстар жинақталып Президентке баяндалды және қорытындыланды. Жалпы құрылтайдың басты мақсаттарының бірі жаңа идеялар мен өміршең бастамалар арқылы ұлт бірлігін нығайту. Бүгінгі құрылтайда осы мәселе басты тақырып ретінде тағы да қозғалды. Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Ұлытау төрінде өткен алғашқы құрылтайда "Ұлтымыз бірлік пен Тәуелсіздік мұраттары жолында ұйысуы қажет" деген болатын. Бұл жолы құрылтай мүшелері геосаяси жағдайларға байланысты осы мәселені қайта пысықтауды ұсынды. Ұлттық құрылтай мүшесі Жақсыбек Құлекеевтің осы мәселеге байланысты ой пікірін алдын ала жазып алған болатынбыз. Енді соны көрермен назарына ұсынсақ.
Жақсыбек Құлекеев, «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясы басқарма төрағасының кеңесшісі, Ұлттық құрылтай мүшесі:
Заман өзгеріп жатыр. Сондықтан осы жағдайлардың барлығын ескере отырып, кейбір құжаттарды қайта қарап пысықтаған дұрыс шығар. Сөйтіп олардың барлығы жаңа заманның талабына сай халықтың бірлігін сақтауға бағытталған бағдарламаларды жаңартқан дұрыс шығар деген ойдамын.
Әділетті Қазақстанның тұғыры-сапалы білім. Ұлттық құрылтайда бұл мәселе де жан жақты сөз болды. Өйткені осы заманға лайық ұрпақ қалыптастырмасақ мемлекеттің қолға алған кез келген бастамаларын жүзеге асыру қиынға соқпақ дейді олар.
Рауан Кенжеханұлы, «Bilim land» платформасының басшысы, Ұлттық құрылтай мүшесі:
Азамат деген кім? Ол ел үшін, қоғам үшін өз жауапкершілігін түсінетін, ар-ождан, намыс, парыз туралы түсініктері бар, тек қана Ата Заңдағы міндеттері мен құқықтарын танитын адам емес, сонымен бірге ел алдындағы парызын түсінетін адамдардың жаңа генерациясын шығару.
Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, осы уақытқа E-Gov платформасы арқылы халықтан 424 ұсыныс келіп түскен. Олар 11 саланы қамтиды. Енді осы ұсыныстар мен айтылған пікірлер сараланып, оны жүзеге асыруға байланысты арнайы ұсыныстар әзірленеді.
Ғани Қалмаханов