Қостанай облысында биыл табиғатты қорғау саласына 7 млрд теңге бөлінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында биыл табиғатты қорғау саласына 7 млрд теңге бөлінді

13.06.2023

Былтыр 40 мың гектардан астам орманы өртенген Қостанай облысында биыл табиғатты қорғау саласына 7 миллиард теңге бөлініді. Бұл қаржыға орман шаруашылықтарына 34 бейнебақылау камерасы, 30 трактор, 6 өрт сөндіру көлігі алынған. Алайда қордаланған мәселелер әлі түбегейлі шешілген жоқ. Дәуренбек Әбдібек әңгімелейді.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Орманның жауы – өрт. Әсіресе жаз айларында қауіп өте жоғары. Сондықтан қазір орманшылардың басты міндеті сақтық шараларын күшейту. Олар өздеріне бекітілген аумқаты күні түні күзетеді. Бірінші кезекте қалың өскен ағаштың айналасындағы шөбін отап, жерді осылай жыртып тастайды.

Бұл Пригородный орман шаруашылығы. Облыстағы жалпы орман алқабының көлемі 240 гектар болса, соның 20 мың гектары осы аумақа тиесілі. Былтырғы алапат өрт мұнда жеткен жоқ. Алайда екі жыл бұрын 500 гектар жерді тілсіз жау жалмаған. Төтенше жағдай кезінде тозығы жеткен техника орманшылардың қолын байлайды.

Болат Сырғабаев, Орман өртіне қарсы станция басшысы:

Көліктің түрі мынау көріп тұрсыздар, мынау 92-ші жылғы машина. Бұрын мынау Қазақстан ауылы совхозда болған машина ғой, содан бізге аударған. Содан енді қазір төртеуі ғана жүріп тұр. Енді бір шыға қалсақ,өрт болып, бірінші біз шығамыз өрт болса, анау қаладан келгенше,біз дереу барып, сөндіруіміз керек.

Орман шаруашылығында 8 өрт сөндіру машинасы бар. Соның үшеуі жүрмейді. Қаңтарылып тұр. Жүргендерінің де жағдайы мәз емес. Әрісі сексенінші, берісі екі мыңыншы жылы берілген көліктер.

Нұрлан Хасенов, Өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі:

Насостары түгел бұрыңғы ескі дүние, 60-шы жылғы дүние болады. Мынау через кардан істейді, Артында тұр насосы. Ол сорғандада ақырын сорады. Былай беруі де қиын. Ескі машина ғой енді.

Яғни техника паркін жаңарту мәселесі күйіп тұр. Басшылардың айтуынша биыл бөлінген қаржыдан бұл шаруашылыққа да аздап үлес бұйырыпты.

Ерлан Әбенов, Орман шаруашылығының басшысы:

Біз төрт трактор алдық. ПКЛ-дар алдық қосымша. Бізге негізгі керегі өрт сөндіретін көлік.

Осылайша орманшыларға талапқа сай жаңа өрт сөндіру көлігі бұйырмай тұр. Жалақы аз болғандықтан бұл салаға жастар келмейді. Қызметкерлердің дені зейнет жасында. Облыстағы 11 орман шаруашылығында 1200-ге тарта орманшы бар. Ресми мәлімет бойынша олардың орташа жалақысы 150-230 мың теңге көлемінде.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу