Қызылордада балалар мерекесі кең ауқымда тойланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада балалар мерекесі кең ауқымда тойланды

01.06.2023

Қызылордада балалар мерекесі кең ауқымда тойланды. Тұңғыш Президент саябағында ұйымдастырылған думанды шараға мыңнан аса жасөспірім қатысып, қуанышқа бөленді. Ал үздік түлектер мен озат оқушылар арнайы марапатталды. Соңғы қоңыраумен қатар келген шуақты мереке биыл бұрынғыдан ерекше тойланды. Саялы саябақта балалар батпырауық ұшырып, сурет салып, асық ойнап мәз-мейрам.

Наргиза Мейрамбек, оқушы:

Бұл мереке маған өте ұнайды. Сол үшін біз осы жақа келіп сурет салып жатырмыз. Суреттің мағынасы балалар жақсы араласып, дос болу керек.

Жалпы, аймақ оқушылары өткен оқу жылын толағай табыспен аяқтады. 400-ден аса жас халықаралық, республикалық ғылыми жобаларда топжарып, жүлдегер атанды. Ал пәндік олимпиадаларда қызылордалықтар республика бойынша үздік үштікте.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

Жазғы маусым кезеңінде 1 мен 10 сынып аралығындағы оқушылардың 98 пайызы жазғы тынығу лагерлері, әр түрлі сауықтыру, жұмыспен қамту, үйірме, экскурсиямен қамтылатын болады. Бүлдіршіндерге арналған мәдени-рухани, спорттық, зияткерлік іс-шаралармен бірге қайырымдылық акциялар ұйымдастырылады.

Шарада мектепті «Алтын белгімен» тәмамдаған түлектер марапатталып, үлкен өмірге қадам басты. Сондай-ақ, оқуда ғана емес қоғамда үлгілі істерімен көзге түскен оқушылар да сыйға бөленді. Ал өнерлі өрендер ән айтып, би билеп мерекеге сән берді. Осы күні аймақ басшысы сәбилер үйіне барып, балғын бүлдіршіндерді де қуанышқа бөледі. Заманауи орталықта бүгінде 45 бала тәрбиеленуде.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу