Жамбыл облысында төрт ауылда спорттық нысандар ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында төрт ауылда спорттық нысандар ашылды

18.05.2023

Жамбыл облысындағы 4 ауылда «ҚазақГаз барлау және өндіру» компаниясы спорт алаңын ашты. «Амангелді» газ кен орнының 20 жылдық мерейтойына орай, балалар үшін осындай тарту жасалды. Әлеуметтік нысандар Талас ауданының Ойық, Бөлтірік шешен, Сейілбек және Ұланбел ауылдарында ел игілігіне берілді. Ойық ауылында бұған дейін заманауи ойын алаңы болған емес. «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржыландыруымен «Qazaqgaz барлау және өндіру» серіктестігінің ерекше тартуына тұрғындар дән риза. Дәл осындай нысан Бөлтірік шешен ауылында да ашылды. «Амангелді» газ кен орнының 20 жылдық мерейтойына орай пайдалануға берілген нысандар Сейілбек және Ұланбел ауылында да ашылды. Енді ауыл жастарының өз баскетбол, волейбол алаңдары бар.

Ернұр Мәдібек, оқушы:

Біз бұрын далада ойнадық, балалар өздерінің есік алдында ойнады. Рақмет форма беріп жатыр, доп беріп жатыр. Ал енді осындай жағдай жасалғаннан кейін біз қаланың балаларынан кем түспейміз деп ойлаймын.

 «Амангелді» кен орнында 15 млрд текше метр газ қоры бар десек, оның 5 миллиарды соңғы 20 жылда алынған. Енді серіктестік өнім өндіруді еселеп сол арқылы өзге ауылдардың әлеуметтік жағдайын жақсартпақ.

Алмас Қуандықов, «Qazaqgaz барлау және өндіру» ЖШС Бас директоры:

Тағы 10 млрд текше метр бір ғана «Амангелді Газда» бар. Жылына 300 млн текше метр газ өндіріледі қазір. Жоспар бойынша енді басқа жобалармен қосылғанда сол сандар өседі деп ойлаймыз, жоспарда. Үшінші тоқсанда «Анабай» деген кен орнын ашамыз.

«Анабай» кен орны Жамбылдағы газы жоқ жалғыз аудан Мойынқұмнан ашылмақ. Алда ресурстық базаны арттыру үшін тағы 3 кен орнын ашу көзделген. Компания биылдан бастап газ саласында оқитын студенттерге де білім гранттарын беріп, қолдау көрсетпек.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу