«Халық қаһарманы» атанған Иван Гапич осыдан 78 жыл бұрын Мәскеудегі жеңіс шеруіне қатысқан майдангер. Өз еркімен әскерге аттанып, оқ пен оттың ортасынан аман оралған ол, кейін ұзақ жылдар заң саласында еңбек еткен. Биыл жүзінші көктемін қарсы алған ақсақал, бейбіт күннің қадірін жақсы біледі.
Иван Степанович ғасыр жасаған соғыс ардагері. Бірақ ақсақалға қарап олай деп айту қиын. Қуатты, қимылы ширақ. Соғыс тауқыметінен аман оралған азаматты, уақыт та жеңе алмаған ба дерсіз. Сонау 1923 жылы дүниеге есігін ашқан ол, алыста қалған балалық шағын сағынышпен еске алады. Сол кездегі Ақмолада туып, кейін Қарағандыда өскен Иван Гапич жастайынын үздік, қатарының алды болған.
Иван Гапич, соғыс ардагері:
Спортқа өте қатты қызықтым. 9 сыныпта оқып жүргенде спорттық гимнастикадан бүкіл одақтық разряд алдым. 1941 жылы осы спорт түрінен бір топ жастар болып жарысқа бара жатқанбыз. Сол кездегі астанамыз Алматы қаласына. Бірақ жолай радиодан соғыс басталғаны туралы хабарды естідік.
Хабарды ести сала бір топ бозбала өз еркімен әскерге сұранады. Тіпті бізді майданға жіберуді сұрап өтіндік дейді өзі. Осылайша Иван Гапич алдымен Ташкенттегі әскери байланыс мектебінде білім алады. 1941 жылдың қараша айында Мәскеуде жинақталып жатқан 551-байланыс батальонына жіберілген.
От пен оқтың ортасынан аман оралған азамат 35 жыл ғұмырын заң саласына арнаған. Жыл өткен сайын азайған ардагерлердің өскелең ұрпақты тәрбиелеуде маңызы зор.
Мақсот Берген, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ төрағасы:
Жеңіс күні гүл шоқтарын қоюға баратын кісілер азайды. Ол бір 4-5 кісі ғана аяқтай жүреді. Енді жасыратыны жоқ ең жасы қазір 96-да. Жалпы жастарды тәрбиелеуде соғысты көзбен көргендердің үлкееен, зор еңбектері бар.
Биыл Иван Гапич сынды күн санап азайған ардагерлерге кемі 1,5 миллион теңге өтемақы беріледі. Бірақ, оларға керегі ақша емес. Тек, бүгінгі ұрпақ қан кешкен батыр аталарын ұмытпаса болғаны.
Азамат Бейбітұлы