Оралда еріктілер Рамазан айы басталғалы қала тұрғындарына су мен құрманы тегін таратып жүр. Ал автобус иелері жолаушыларды ақысыз тасып, ел алғысына бөленген. Сондай-ақ бірнеше дүкенде жұма күні зейнеткерлерге нан тегін беріледі. Қасиетті айда жүзеге асып жатқан қайырымдылық акциялары туралы Ардақ Мұратқызы айтсын.
Қайырымдылық шарасы қаланың халқы көп шоғырланған бес ауданында ұйымдастырылды. Еріктілерден құралған бірнеше топ бірігіп, жұдырықтай жұмылып, ортақ іске мұрындық болды. Рамазан айында көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлап, жақсылық жасауды дәріптеді.
Әсел Мырзахметова, волонтер:
Он екі айдың сұлтаны қасиетті Рамазан айында ұстап жатқан оразамыз қабыл болсын. Біз, облысымыздың тәуелсіз еріктілері болып, әдеттегі шарамызды өткізіп жатырмыз. Қала тұрғындарына ауызашар алдында су мен құрма тараттық.
Қаладағы №3, 35 бағыттағы қоғамдық көлік жүргізушілері үш аптадан бері жұма сайын жолаушыларға жолақысыз қызмет етіп келеді. Бір ғана автобусқа күніне мыңға жуық адам мінеді. Соған қарамастан, тұрғындарды тегін тасымалдап, алғысқа бөленіп жүр.
Меңдеш Ермекқалиев, жүргізуші:
Рамазан айы басталғалы «Алый парус» атынан жігіттер әр жұма сайын халықты тегін тасып жүрміз. Халық батасын беріп, ризашылығын білдіріп жатыр.
Ал мына бір дүкенде жұма сайын зейнеткерлерге нан тегін беріледі. Жас отбасы кәсіп ашқан соң, мешітке барып, садақа беруге уақыт таппай қалады. Содан садақаны тегін нан тарату есебінде жүзеге асыруға бел буады. Қазір игі іске тұрғындар да атсалысып, қаржы аударып отыр.
Назарбек Қуанов, кәсіпкер:
Бір зейнеткер апай келіп 2 мың теңге ақшасын тастап, осыған қанша нан келеді, соны менің атымнан үлестірсеңіз деді. Сөйтіп тек қана қазір өзіміздің атымыздан 25-30 нан аламыз, сосын ағайын-тума бар, естіп жатқан тұрғындар өз үлестерін қосып, қазір 40-50 нанға дейін үлестіріп отырмыз зейнеткерлерге.
Рамазан – ізгілік айы. Айналаға мейірім шуағын шашып, жақсылық жасауға асыққан жандардың ісі - көпке үлгі.
Ардақ Мұратқызы