Қостанай облысының Красносельский ауылы ауыз суға жарымай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысының Красносельский ауылы ауыз суға жарымай отыр

29.03.2023

Әкімдік пен мердігердің арасындағы текетірестің салдарынан тұрғындар ауыз суға жарымай отыр. Қостанай облысынының Красносельский ауылында миллиондаған теңгеге ескі су желісі қайта жаңартылған. Алайда әкімдік жұмысты қабылдап алмағандықтан мердігер суды бірнеше күн бұрын тоқтатып тастады. Тіпті орталық желіге әлі қосыла алмай жүргендер де бар. Дәуренбек Әбдібек әңгімелейді.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Красносельский ауылында ескі су құбырын жаңарту жұмысы былтыр жазда басталған. Алайда жоба мерзімінде аяқталмады. Бірқатар әлеуметтік мекемлер мен тұрғынүйлер әлі күнге дейін орталық желіге қосылмаған. Ал құбыр төсеу үшін қазылған орлар көктем шыға опырылып құлап, көшенің ойран топыры шығып жатыр.

Бұл екі қабатты үйлерге өткен жылдың желтоқсан айына дейін ескі желіден су келіп тұрған. Кейін ескі құбырдың құлағын жауып суды тоқтатқанымен жаңа желіге қоспаған. Медицина мекемесінде де су жоқ. Көнесі жаңарып жарылқанамыз ба деген жұрт бұрынғы күніне зар боп қалды.

Нұргүл Қонарбаева, ауыл тұрғыны:

Тамыз айынан желтоқсанға дейін сусыз отырдық. Күйеуім де, өзімде кешке дейін жұмыстамыз. Сағат 12-де жұмыстан келгесін су тасимыз.

Құбыр төсеу үшін қазылған жердің де ойраны шығып жатыр. Мұндай көшемен көлік түгілі жаяу жүру мұң.

Владимир Фаут, ауыл тұрғыны:

Мына шұңқыр өткен көктемнен жатыр. Дұрыстап көмбейді. Бірде әйеліп түсіп кетті. Балалар мектептен батпақ-батпақ болып келеді. Төменгі көшеге барсаңыз мүлде батпаққа батып кетесіз.

Жобаны уақытында тапсыра алмағасын мердігер жаңа желіге қосылған тұрғындарға суды өз есебінен беріп келген. Бірақ жуырда оны ағытып тастапты. Себебі Майлин ауданының әкімдігі мердігердің жұмысынан кемшілік тауып, тиісті ақшасын төлеуден бас тартқан.

Нұрсұлтан Төлеухан, аудандық Құрылыс бөлімінің басшысы:

Станцияның төбесінен су ақты. Отмоскалар дұрыс құйылмаған. Терезесі жарылған. Қоршауды дұрыс жасамаған. Шошайып шығып тұр.

Жанболат Жайнақов, мердігер кәсіпорынның өкілі:

Мұның бәрін тапсырыс беруші жұмысты қабылдап алған соң да дұрыстауға болады. Үш жыл кепілдік мерзім бар. Сол уақытта біз кемшіліктің бәрін өз есебімізден түзейміз.

Тұрғындардың наразылығынан соң мердігер суды қайта қосты. Апта соңына дейін кемшілікті жойса, әкімдік олардың жұмысын қабылдап алмақ. Көшедегі ой-шұқыр жер кепкесін тегістелетін болды. Егер осы келісім орындалмаса, қос тараптың дау-дамайы қайта басталып, су беріуді қайта тоқтауы мүмкін.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу