АҚШ-та құйын көтеріліп, орасан шығын әкелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-та құйын көтеріліп, орасан шығын әкелді

27.03.2023

АҚШ-та құйын көтеріліп, орасан шығын әкелді. Табиғи апаттан 26 адам қаза тапқан. Миссисипи штатындағы бір қалашық толығымен жермен-жексен болды. Қазір құйын жайпаған аудандарды үйінділерден тазарту жұмыстары жүріп жатыр.

Америка Құрама Штаттарында құйын көтеріліп, 26 адам қаза тапты. Торнадо жолында кездескеннің бәрін жайпаған. Оқиға түнде адамдар шырт ұйқыда жатқанда болды. Көбі бұрын-соңды естімеген қатты дыбыстан оянып кеткен. Қазір іздеу-құтқару, үйінділерді аршу жұмыстары жалғасып жатыр. Миссисипи штатында 2 мың адам тұратын Роллинг-Форк қаласы толығымен жермен-жексен болды. Жүздеген адам қауіпсіз жерге көшірілген.

Ронни Поуп, тұрғын:

Бұл мен үшін ең нашар күн. Отбасы мүшелері, достарым, естеліктер. Бәрі ғайып болды. Жүректі ауыртатын трагедия. Мен қаланың өсіп-дамығанын көрдім. Енді қирағанына куәмін. Бұл ақыры емес деп ойлаймын. Бәрін қайта құратынымызға сенгім келеді.

Андрей Уильямс, тұрғын:

Құдай менің өмірімді аман сақтап қалды. Қатты дыбыс 5-6 секунд бойы тоқтаған жоқ. Бүкіл өмірім көз алдымнан өтті осы уақыт ішінде. Сол дыбыс ойымнан кетер емес.
Құйынмен бірге өңірде күшті дауыл көтеріліп, нөсер жауын құйды. Сонымен бірге Миссисипи, Алабама және Джорджия штаттарында көлемі гольф добындай бұршақ жауған. Ағаштар құлап, жүк көліктері аударылып, электр сымдары үзілген. 36 мыңдай тұрғын жарықсыз қалды. Құйын соққы берген аумақ көлемі 274 шақырымға жеткен.

Джо Байден табиғи апатқа байланысты төтенше жағдай жариялап, қатты зардап шеккен елді мекендер мен қалаларға федералдық үкіметтен көмек берілетінін хабарлады. Сонымен қатар, Миссиссипи тұрғындарына жәрдемдесуге Арканзас, Теннеси, Луизиана штаттарынан еріктілер аттанды. Құйын салдарымен күрес жүріп жатқанда, америкалықтарға бүгін тағы бір күшті дауыл көтерілуі мүмкін екені ескертілді. Дүлей дауыл 20 миллиондай адам тұратын аймаққа қауіп төндіріп тұр.

Арай Төлеген

Хабарламаларға жазылу