Жаңа Қызылордадағы әріптесім Әділбек Серікұлының қой көтеру жарысында бағын сынап жатқанын көрдік. Ия, мұндай сайыс Наурыз мерекесіне орай Түркістанда да ұйымдастырылды. Мұнда Арыс қаласының тұрғыны қошқарды 300 реттен артық көтерген. Ұлыстың ұлы күні Жамбыл облысында да кеңінен тойланып жатыр.
Айнұр Әбілқасымқызы, тілші:
Әдетте, оңтүстік өңірінің жұртшылығы Наурызды тойлауды Қазығұрт тауының баурайынан бастайтын. Ал биыл көктем мерекесінің шымылдығы облыс орталығында ашылылып, ары қарай аудан-қалаларда жалғасты. Осындай бір ерекшелікті атап өтуге болады. Мен қазір Түркістандағы Керуен сарай кешенінде тұрмын. Мұнда 30-ға киіз үй тігілген. Жиналған жұрт ұлттық тағамнан дәм татып, ұлыстың ұлы күнінде бір-біріне ақ тілектерін жаудырып жатыр. Қала тұрғындары этноауылға саяхат жасап, мерекелік концертті, ұлттық спорттық ойындарды тамашалауда. Қошқар көтеру сайысы өте тартысты өтті. Арыс қаласының тұрғыны Азамат Мақұлбеков 55 келілік қошқарды 303 рет көтеріп, 1-ші орынды иеленді. Жалпы, Наурыз мерекесін тамашалауға келген қонақтар арасында шетелдік азаматтар да көп. Бағана олардан сұхбат жазғанбыз, соны режиссерымыз эфирге қосса.
Мехмет Жан, турист:
Мен Түркістанға Түркияның Анталия қаласынан келдім. Биылғы наурыз мерекесін осы жерде қарсы алып жатырмын. Барлық қазақстандықтарды құттықтаймын. Наурыз мейрамын біз де атап өтеміз. Оны Түркістанда қарсы алудың мен үшін жөні бөлек.
Төребек Байтасов, қала тұрғыны:
Ұлық мерекені қасиетті Түркістанда қарсы алудың өзі ерекше. Бірнеше киіз үй тігіліп жатыр. Ұлттық мереке, ұлттық ән, ұлттық тағам таратып жатыр. Барша Қазақстандықтарды, барша елімізді осы ұлттық мерекемен құттықтаймыз. Әр отбасыға шаттық, ырыс, құт береке тілейміз.
Айнұр Әбілқасымқызы, тілші:
Бұл жерде қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмесі де ұйымдастырлыған. Өнер ұжымдары жыл басы туралы қойылым сахналанса, әнші, бишілердің де өнері көпшіліктің көңілінен шықты. Әр киіз үйдің алдында ұлттық ойындар ойнатылып, наурыз көже таратылды. Мерекелік шаралар Гала-концертке ұласты. Осылайша Түркістан облысы Наурызды кең көлемде атып өтіп жатыр.
Айнұр Ақбаева