Қостанай қаласындағы қоғамдық көліктің 75 пайызы ескі. Соның салдарынан қызмет көрсету сапасы да талапқа сай келмейді. Ескі автобустардың іші жазда ыстық, қыста суық. Тасымалдаушылар «авторопаркті өз күшімізбен жаңалауға табысымыз жеткіліксіз» дейді. Түйткілді шешудің жолы бар ма?
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Қостанайдың көшелерінде қазір көбіне 90-шы жылдары еуропа зауыттарынан шыққан осындай автобустар жүр. Мына автобуста 38 отыратын орын бар. Түрегеп тұрғандарды қосқанда 90 жолаушыға дейін тасымалдай алады. Дәл осы автобустың конвейерден шыққанына 29 жыл болған. Мамандар күтімі жақсы болса әлі он жыл жүреді дейді.
Автопарктегі жөндеуші шеберлердің жұмысы қауырт. Күнде бірнеше автобустың босаған бұрандасын бекітіп, тозған бөлшегін ауыстырады. Ал қосалқы бөлшектің бағасы бір жылда екі есе қымбаттаған.
Александр Волкун, Автопарк директорының орынбасары:
Жыл өткен сайын әрине, автобус ескіре береді. Біздегі 70 автобустың 10-ын екі жыл бұрын сатып алдық. Солардың әлі 5 жыл несиесін төлейміз. Тағы жаңасын сатып алу кіріске байланысты. Бәрі қаржыға тіреледі.
Қостанайдағы қоғамдық көліктер 39 бағытты қамтып отыр. Көп жағдайда олардың қызметі жолаушылардың көңілінен шыға бермейді.
Бүгінде қалада 250 қоғамдық көлік бар. 70 пайыздан астамының әбден тозығы жеткен. Тек 53- інің ғана зауыттан шыққанына 7 жыл толмаған.
Данияр Сәбитов, ТҮКШ Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
Биыл тасымалдаушыларды субсидиялауға 4 млдр теңге бөлінді. Соның ішінен жаңа көлік сатып алуға қажетті алғашқы жарнаның 20 пайызын төлейтін боламыз. Алдағы уақытта оның нақты тетіктерін анықтап, шешім қабылдаймыз.
Әкімдіктегілер осындай тәсілмен биыл 54 отандық жаңа автобус сатып алуды жоспарлап отыр. Қазір Қарағанды облысындағы зауытпен келсіссөз жүріп жатыр. Жоба жүзеге асса қоғамдық көліктердің елу пайызға жуығын жаңарады.
Дәуренбек Әбдібек