Америкалықтар Түркияға екі күнде жүз тонна гуманитарлық көмек жіберді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Америкалықтар Түркияға екі күнде жүз тонна гуманитарлық көмек жіберді

10.02.2023

Түркияға АҚШ тұрғындары көмек қолын созып жатыр. Жанашыр жандар бірнеше күннен бері Вашингтондағы Түркия Елшілігі арқылы зілзаладан зардап шеккендерге ең қажетті заттарды жинап жөнелтуде. Екі күн ішінде 100 тонна киім кешек пен дәрі дәрмек жіберіп үлгерген. АҚШ-тан меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы тарқатады.

Түркия елшілігінің қақпасы бірнеше күннен бері айқара ашық. Көлігіне көмектерін тиеген америкалықтар қас қарайғанша үздіксіз келіп жатыр. Солардың бірі – Сара Уикли балаларға қажетті заттар салынған бірнеше қорап өткізді. Себебі, қазір бірінші кезекте ана мен бала көмекке зәру, дейді.

Сара Уикли, Вашингтон тұрғыны:

Менің де балам бар. Сондықтан бірден балалар туралы ойладым. Аналар үшін де қолымнан келгенше орамал және басқа да заттар алдым. Бұл жан түршігерлік жағдай. Көп адам зардап шекті, киім-кешексіз, тамақсыз отыр.

Қаржылай не заттай ғана емес, ерікті ретінде көмегін аямай жатқан жұрт та аз емес. Анил Сурал Ақ үй мен Пентагоннан хабар тарататын түрік журналисі. Елшілікке толассыз келіп жатқан заттарды іріктеп, буып-түйіп, зардап шеккен аудандарға жіберуге әзірлеп жүр. Қол күшін ғана емес, қаламын да қандастарының қайғысын жеңілдеу үшін пайдаланады. Мәселен, Пентагонда өткен брифингте Американың лауазымды тұлғаларына сауал тастап, Түркияға көбірек құтқарушы жіберу қажетін айтқан.

Анил Сурал, түрік журналисі:

Екі күн бұрын мен сіздер неге көбірек құтқарушы жібермейсіздер деп тікелей сұрадым. Себебі, ең бірінші бізге құтқару жұмыстарын жеделдету керек. Ал, Америкадан 150-ден астам құтқарушы ғана кетті. Бірақ одан да көп адам жіберуі керек. Өйткені әр минут қымбат. Киім-кешек, тамақ, керек-жарақ жіберіліп жатыр. Бірақ ең маңыздысы үйінді аршып, астында қалған адамдарды шығару үшін көп құтқарушы керек.

АҚШ-тағы қазақтар да әрекетсіз емес. Бірнеше қалада белсенді азаматтар жылы киім-кешек, дәрі дәрмектер жинап, бауырлас елге аттандырды.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу