Түркістан облысында төтенше жағдайға байланысты мектептер қашықтан оқуға көшті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында төтенше жағдайға байланысты мектептер қашықтан оқуға көшті

02.02.2023

Түркістан облысында су басқан аудандардан 154 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Сауран ауданында 4 эвакуациялық пункт дайындалды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, бұл жақтағы таулы аудандарда нөсер жаңбыр жауып, қар күрт ери бастаған. Салдарынан бірнеше елдімекендегі көшелер су астында қалды.

Айнұр Ақбаева, тілші:

Таудан аққан қар суы түнгі сағат үштер шамасында Абай ауылына жеткен. Ал таңғы 06:00 шамасында көшелерден көл болып ағып, тұрғын үйлерге лап қойған. Мұндайды күтпеген ауыл тұрғындары абдырап қалғандарын айтады. Болмаған соң, өздері жабылып, күректермен суларды бөгеп, адамдарды үйлерден шығарып алған.
Сауран ауданында табиғаттың осындай тосын мінезіне 6 елдімекен тап болды. Көше мен аула суға толғанда кейбір адамдар үйінің есіген де аша алмай, далаға терезе арқылы шыққан.

Қайырхан Ермаханұлы, Бабайқорған ауыл тұрғыны:

Халық мына абдырап қалды, бәрі көшеге шығып тұр. Мал жанын не істейміз, адамдарды не істейміз деп. Тауда қардың қалың екенін білді, болжам үш күн бұрын ғаламторда жарияланды. Қазір арық-атыздар тазаланып, тұрғындарды құтқару жұмыстары жүріп жатыр.
Үлгілі ауылында тұратын Жұмағали Мұстафаев өткен түннен бері сумен арпалысып жүр. Тоқтаусыз аққан қар суы оның баспанасын шайып, қорасын құлатқан. Болмаған соң, бала-шағасын әупірімдеп, ауылдасының үйіне көшірген.

Жұмағали Мұстафаев, Үлгілі ауылының тұрғыны:

Судың келгенін білмейміз ғой, төтеннен келе салды ғой. Сөйтті де алып кетті ғой бәрін, қора-қопсыға да, үйге де бәріне кіріп кетті. Мал тұратын қорада үйрек қонып, қаз ұшатын болып тұр. Түннен бері күрек алып, ұйықтаған жоқпыз.
Төтенше жағдайға байланысты үш аудандағы 11 мектеп онлайн білім алуға көшті. Сауран ауданында 7 балабақша жұмысын уақытша тоқтатты. 150-ден аса тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Сауран ауданынан 4 эвакуациялық пункт ашылды.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, еріген қардың суы Сауран, Бәйдібек және Ордабасы ауданына қарасты 15 елдімекендегі 186 аула мен 13 көшеге жайылған. Тасқын суға тосқауыл қою үшін 2500 дана қап құм әкелініп, бөгет жасалды.

Бақытжан Запаров, Түркістан облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдардың күш құралдарымен ауылдардағы, елдімекендердегі суды қашырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни жерді, каналдарды қазір тау беткейлерінен, әсіресе Қаратау беткейлерінен ағып келіп жатқан суды қашырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірақ судың келуі әлі тоқтап жатқан жоқ.
Мамандар Сырдария өзенінің бойында орналасқан Отырар, Сауран ауданы мен Арыс қаласының аумағын әуеден шолып шықты. Барлық су нысандарының жағдайын бақылау мақсатында су тасқынына қарсы облыстық комиссия құрылған. Табиғи апаттың салдарын жою бойынша аймақта Төтенше Жағдайлар министрлігінің республикалық жедел штабының отырысы өтті. Осы жағдайға байланысты өңірге министр Юрий Ильин ұшып келді.

Айнұр Ақбаева 

Хабарламаларға жазылу