Солтүстік Қазақстан облысында оқушылар қашықтан білім алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстік Қазақстан облысында оқушылар қашықтан білім алады

07.12.2023

Солтүстік Қазақстан облысында қатты аязға байланысты барлық мектептер қашықтан оқыту форматына ауысты.

Синоптиктердің болжамынша, бүгін өңірде сынап бағанасы 41 градусқа дейін төмендеуі ықтимал. Ал желдің бағыты секундына 20 метрге жетеді. Аяз күшейеді.

Павлодардың да бүкіл мектептерінде барлық сыныптар сабақты онлайн оқитын болды. Себебі, елдімекендерде көктайғақ әрі секундына 20 метр жылдақпен жел соғып жатыр. Аяз күрт күшейіп, ауа температурасы 20 градусқа дейін төмендеді. Барлық бағыттар бойынша жолдар ашық. Дегенмен, күн 40 градусқа дейін суытуы мүмкін.

Күні кеше жұртты көктайғақ әбігерге салған Қостанайда енді аяз көтерілді. Сынап бағанасы 25 градусқа дейін төмендеген. Осыған байланысты таңғы ауысымдағы бастауыш сыныптың балалары қашықтан оқуға көшті.

Шығыста да бүгін қолайсыз ауа райынан бірнеше ауылдың оқушылары онлайн оқып жатыр. Жалпы өңірде кеше қар аралас жаңбыр жауған. Өткен түнде күн күрт суытып, бүгін мұз болып қатып жатыр. Бірақ аймақтағы барлық бағыттағы автокөлік жолдары ашық.

Нұрбек Байбосын


Хабарламаларға жазылу