Еуропа одағы стратегиялық қор құрмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропа одағы стратегиялық қор құрмақ

20.01.2023

Еуропалық одақ түрлі қауіп-қатерлерге дайын болу үшін Финляндияда стратегиялық қор құрмақ. Бұл мақсатқа Еуропалық комиссия 242 млн еуро бөлді. 

 Нұрсұлу Қасым, тілші:

Финляндияда орналасатын стратегиялық қордың жұмысына елдің денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі жауапты. Ресеймен 1300 шақырымға созылған шекарасы бар Финляндия көршісі ядролық қару қолдана ма деп қауіптеніп, қауіпсіздікті барынша күшейтуде. Стратегиялық қорда биологиялық, ядролық жарылыс кезінде әрекет етуге қажетті медициналық препараттар, радиацияны өлшейтін құрал-жабдықтар мен уға қарсы дәрі-дәрмек пен вакцина сақталады. 

Янез Ленарчич, дағдарысты басқару жөніндегі еурокомиссар:

Біз апатты жағдайға дайын болуып, қауіпсіздікті күшейтуіміз керек. Қауіп-қатер төнген жағдайда осы қордың арқасында біздің мамандарымыз ЕуроОдақ деңгейінде тез әрекет етуге қауқарлы болады деген сенімдеміз.

2026 жылға дейін жоспарланған стратегиялық қор жобасы аясында Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің мамандары ядролық апат жағдайында жедел әрекет етуге машықтанып, кәсіби біліктілігін арттыратын болады. Ұйым өкілдері ядролық жарылыс ошағына көмек 12 сағаттың ішінде жеткізіледі деп отыр.

Жалпы, Еуроодақта осыған дейін «Медициналық қор және әуе флоты» деген екі қор құрылып, құтқарушылар жазда орман өртін өшіруге, азаматтарды қауіпсіз аймаққа көшіруге көмектескен болатын. Көпшілік Финляндиядағы жаңа қор да қарт құрлық елдерінің қауіпсіздігі үшін қызмет етеді деген үмітте.


Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу