Алматы облысында тұрғындар жайылымның тарлығына наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында тұрғындар жайылымның тарлығына наразы

08.12.2022

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындары малымызды жаярға жер таппай отырмыз дейді. Бұған дейін төрт түлігі жусап жүрген жердің жекеге сатылып кеткенін бір жарым жыл бұрын ғана білген. Содан бері аудан әкімі төрт рет ауысып, әрқайсысы халықпен жиын өткізіп, мәселе шешіледі деп уәде берген. Жекешелендірер кезде әкімдік бізбен ақылдаспады дейді жергілікті жұрт.

Қуан Нұрақын, тілші:

Ақбастау ауылының тұрғындары 1998 жылы қайта құру кезінде елді мекенге тиесілі 900 гектар жайылымдық жер болғанын айтады. 4 кооператив құрылып, жергілікті жұрт бөле жармай пайдаланып келген. Бұған дейін жікке бөлінбеген 600 гектар жердің сатылып кеткенін, мынандай қоршау қойыла бастаған кезде бірақ білген.

Ақбастаулықтардың дені малмен күнелтіп отыр. Жыл сайын жайылымдық жер тарылып, елдімекен іргесіне дейін келді дейді ауыл халқы. Қалған азын-аулақ жердің өзіне өтетін жол жоқ. Себебі, учаскелердің заңды иелері өзіне тиесілі аумақты қоршап, айналдыра қазып тастаған.

Нұрғазы Қатубаев, Ақбастау ауылының тұрғыны:

Не мал өтпейді. Не құлаған мал өледі. Ешкім оған жауап алмайды. Жайылымға өтетін жер керек. Инвест проектімен салған баздар жолды бөгеттеп отыр. Өте алмай отырмыз.

Ауыл маңындағы жайылымдық жер осы уақытқа дейін оңды-солды жекенің қолына сатылып кеткен. Әкімдік жергілікті халыққа ескертпеген. Мәселені айтып талай мекеменің табалдырығын тоздырған. Өкінішке орай, шағымымызға ешкім құлақ аспай отыр дейді тұрғындар.

Валерий Дунаев, Ақбастау ауылының тұрғыны:

Әуел баста ауыл тұрғындарына деп берілген 900 гектар жердің қазір 230-ы ғана қалды. 110 адам арнайы хат жазып, бірнеше мәрте аудан әкімінің қабылдауында болдық. Айтатындары шешімді біз шығармадық дейді. Сонда жерді кім бөлді? Қандай заңға сүйеніп шешім шығарды? Еш нәрседен хабарымыз жоқ.

Бұл сауалға әкімдік өкілі де мардымды жауап бере алмады. Жайылымдық жер тапшы, тиісті шара қабылдап жатырмыз деген маман нақты қандай жұмыс атқарылып жатқанын айтпады.

Мұрат Шүлембаев, Еңбекшіқазақ аудандық әкімдігінің өкілі:

Қазіргі уақытта қолданыстағы жер заңнамасына сәйкес әр ауылдың жапсарлас орналасқан жайылымдық жерлерді мәжбүрлеп алуға шара қабылдап отырмыз. Жалпы Балтабай ауылдық округінде орналасқан жайылымдық жерлердің көлемі 2667 гектар. Сонда бізге 15200 гектарды құрайды.

Ақбастау ауылы тұрғындарының талабы Алматы облысының Жер ресурстарын басқару департаментіне де жіберілген. Бірақ әлі нәтиже жоқ. Төрт түлікке күні қарап отырған жұрт көктем шықса малын қайда апарарын білмей отыр. Ауылдың бас ауруына айналған мәселенің әзірге қашан шешілері белгісіз.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу