Астанадағы тұрғындар құрылыстың созылғанына наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанадағы тұрғындар құрылыстың созылғанына наразы

12.07.2023

Астанада ретсіз және сапасыз құрылыс нысаны көп. 10 миллион шаршы метрдей аумаққа үй салынып жатыр. Бірақ, инфрақұрылым жоқ. Жаңа баспанаға кіргендер ескі көшемен жүруге мәжбүр. Су мен жылу құбыры тартылмағасын көп үй уақытылы берілмейді. Мысалы, қазір 4 мыңдай үлескер үйсіз жүр. Президент қала әкіміне осы мәселелерді жыл соңына дейін шешуді тапсырды. Бұл Сығанақ көшесіндегі «Сәт сити» тұрғын үй кешені. Халық тығыз орналасқан аумақтың бірі. Үй алыстан жарқырап тұрғанымен қасына барсаң көңіл құлазиды. Салынғанына 3 жылдан асса да, инфрақұрылым мәселесі шешілмеген. «Әнет баба» мен «Е-32» көшелерін жөндеу енді басталған. Қашан аяқталары белгісіз. Тұрғындар соған наразы.

Әйгерім Боранбаева, Астана қаласының тұрғыны:

Адам жүре алмайды даже, аналар коляскалармен кіре алмай жатыр. Тауарлар жеткізілмей жатыр.

Мақсат Жүсіпов, кәсіпкер:

Менің осында сән салоным бар. Келуі қиын боп жатыр мында клиенттердің. 2 ай болып қалды.

Әкімдік өкілдері бізді мердігерге сілтеді. Жауапты компания мәліметінше, жұмыстың созылуына себеп көп. Мұнда жол ғана емес кәріз құбыры, жарықтандыру, абаттандыру сынды бірнеше жұмыс қатар жүріп жатыр.

Сабина Текова, құрылысқа жауапты компанияның техникалық директоры:

Бұл жерге интернет, жылу құбырларын тартып қойған. Бірақ, олардың қалай орналасқаны туралы мәлімет жоқ. Сондықтан, кәріз құбырын тарту қиын болып жатыр. Мына көшені шілденің аяғында береміз. Ал, жалпы осы аумақта әлі 5 көшені жөндейміз. Жұмыс 2 жылға жоспарланған.

Яғни, тұрғындар тағы бір жыл шаң мен кептелістен көз ашпайтындай. Ал, мына үйде қазір тірлік қайнап, жан-жағы жайнап жатуы тиіс еді. Бірақ, қабырғасы ғана көтеріліп, қаңырап тұр. Құрылысты салған «Almaty development» компаниясы үйді қаңтарда беруі керек еді, бірақ алты айдан бері салымшыларды алдап келеді.

Нұрбек Жұмадилдинов, үлескер:

Мен өзім 5 млнға жуық салдым. Не возврат жоқ, не строика жүріп жатқан жоқ.

Үйде 312 пәтер болса, соның 260-ы сатылған. Жұмыс неге тоқтап тұрғанын сұрағанымызда жауаптылар ақшамыз бітті, енді «Қазақстандық тұрғын үй компаниясынан» несие күтіп отырмыз, - деді.

Әйгерім Райымбекова, «Almaty Development Company» сату бөлімінің жетекшісі:

Бізге несие беретін болды. Міне, растама құжаты. Қазір ақшаның түсуін күтіп отырмыз.

Ал үлескерлер сенбейді. Себебі осы жаттанды жауапты естіп келе жатқанына көп болған.

Диана Әлиева, үлескер:

Бізді постоянно ертең, ертең деп уже 1 жарым жыл бойы ертең деп айтқандарына. Кеше, тіпті, бізге қарамайды да, сөйлемейді де, не істесеңіздер де мейлі дейді.

Үлескерлер көмек сұрап әкімдікке де хабарласқан. Әкімдіктің мына хатында 27-маусымда жұмыс қайта басталатыны жазылған. Бірақ, нәтиже жоқ. Жалпы, ақша тез түссе де үйдің қашан бітетіні белгісіз. Себебі, заңға сәйкес құрылыс компаниясы қиындыққа тап болса, жұмысты созуға 9 ай мерзімі бар. Үлескерлер тұтынушы құқығы сақталмайтын осы заңды өзгертуді парламент пен президенттен сұрады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қаланы дамыту ісінде бірізділік болмағасын орынсыз құрылыс көбейіп кетті. Әлеуметтік нысандар мен қоғамдық орындар болуы тиіс жерлерде тұрғын үй-кешендері салынды. Кейбір компаниялар үлескерлерден заңсыз қаражат жинайды. Жыл соңына дейін мәселе толық шешімін табуға тиіс.

Оған да көп қалған жоқ. Бірақ, қолда барын күмәнді компанияларға беріп, өзі пәтер жалдап жүрген салымшылар үшін бір күннің өзі қаншалықты ұзақ өтетіні белгілі.

Аман Сейітхан

Хабарламаларға жазылу