Шетелдік көліктерді жеңілдікпен тіркеу жаңа жылдан басталмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелдік көліктерді жеңілдікпен тіркеу жаңа жылдан басталмақ

04.12.2022

Шетелдік көліктерді тіркеу тәртібіне тоқталсақ. Президент қыркүйектегі жолдауында оларды заңдастыру мақсатында утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бір реттік алым алуды ұсынған еді. 3 айдан астам уақыт өтті. Мәселе әлі шешілмеді. Тапсырманы орындау үшін заңға өзгеріс енгізу қажет болған. Құжат жобасын өткен аптада Сенат қабылдады. Жеңілдік акциясы жаңа жылдан бастап жұмыс істейді. Алайда тіркеу үшін қандай құжаттар қажет? Қай көліктерді тіркеуге болады? Тұрғындар әлі нақты жауапты біле алмай әлек. Оңғар Алпысбайұлының материалы.

Мәдибек Шоқаев, Көкшетау қаласының тұрғыны:
Өз басым негізі сенбеймін. Ауыстырады дегенге.
Айнұр Сартаева, ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі:
Ішкі істер органдарының мәліметіне сәйкес елімізде қазіргі уақытта 300 мыңнан аса шетелдік нөмірлі көліктер жүр.
Алтынбек Жамалиев, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы:
Бүгінгі күні ел аумағында заңдастыру аясына жататын көлік құралдарының нақты есебі жоқ.

Мәдибек Шоқаев кезінде Армениядан көлік тасыған. Әу бастағы жоспары елге әкеп, қайта сатып, пайда табу еді. Тура сол кезде 1 реттік акция жарияланып, көліктерін Қазақстанға тіркеу мүмкіндігі пайда болады. Армения нөмірімен ел ішінде жүруге болмайды деген жаңалықты естеп, барлық көлігіне сары нөмір таққызған. Енді ол көліктерді екінші біреуге сатуға болмайды. Екі ортада 20 миллион теңгеге жуық қаржым Армения көліктеріне байланып қалды деп отыр.

Мәдибек Шоқаев, Көкшетау қаласының тұрғыны:
Жеке өз атымда тұрған 4 машина бар. Бірақ оны қазір сата алмаймын. Жүре алмаймын. Әйтеуір өзіміз жүрміз. Мен жүрем. Жолдасым жүреді. Сол енді мәжбүрміз. Жоқ қып та жібере алмайсың. Сатып та жібере алмайсың.

Тұрақты тіркеуге қойған күннің өзінде машақаты көп болғалы тұр. Қазақстанға келгелі қолдан қолға өткені бар. Түпкі иесінен сенімхаты немесе көлікті сатып алғанын растайтын құжаты жоғы да қаншама.

Мәдибек Шоқаев, Көкшетау қаласының тұрғыны:
Учеттан шешу үшін бірінші қазір спец цонға бару керекпін де мен өзім қайтадан Армяндық нөмірімді алу керекпін. Сосын Армяндық нөмірмен Арменияға барып қайтадан учеттан шешу керекпін. Бұл жерде де сұрақтар көп. Сосын ол түсе ма түспей ма қалай болатыны белгісіз.

Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша қазір Қазақстан жолдарында 300 мыңнан астам көлік шетелдік нөмір тағып жүр. Президент олардың мәселесін бір жақты етіп, тұрақты тіркеуге қойып беру туралы тапсырма берген. Оған сәйкес, тиісті заң жобасы әзірленіп, Парламенттің қос палатасы да қабылдады.

Ғұмар Дүйсембаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген автомобильдерді заңдастыру мақсатында бірыңғай алымның 300 мыңға жуық автокөлікті есепке қоюға жағдай жасайды. Сондай-ақ, осы автомобильдер бойынша көлік құралдарына салынатын салық жергілікті бюджетті толықтырады.

Заңды Парламент қабылдағанымен, тәртіптерін Үкімет, ішкі істер министрлігі бекітеді. Қазір олар арнайы қаулы әзірледі. Оған сәйкес жеңілдікпен тіркелетін көліктер келесі талаптарға сай болуы керек.

Жеңілдікпен есепке алу үшін келесі талаптарға сай болуы тиіс. Қазақстанға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін кіргізілген. Криминалдық есеп бойынша іздеуде жоқ. Кепілде, заң немесе сот тарапынан шектеулері жоқ. Есептен белгілі тәртіппен шығарылған. Рөлі сол жағында орналасқан. Кедендік тазартудан өткен. Иелерінің тіркеу немесе құқық белгілейтін құжаттары бар.

Енді бүгінге дейін белгілі болған талаптарға тоқталайық. Алғашқысы, бір реттік жеңілдік аясында көліктің қауіпсіздік және экологиялық санатына шектеу қойылмайды.

Алтынбек Жамалиев, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы:
Заңдастыру аясында, экологиялық санатына сонымен қатар экологиялық алым алынбайды. Сондықтан евро 2, евро 3, евро 4 көлік құралдары шығарылған жылына қарамастан заңдастыруға жатады. Егер құжаттары болса, барлығы болса біз ЕВРО санатына қарамаймыз.

Одан бөлек, құжаты түгел азаматтарға көлігін тиісті тәртіппен есептен шығару үшін шекара асудың қажеті жоқ.

Алтынбек Жамалиев, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы:
Аталған көлік құралдарын Қазақстан азаматтары онлайн түрде Ресейден шешу үшін амалдар ойластырып жатыр. Бізде ЕАЕС-те ЕПТС деген болады. Біздің ортақ базамыз болады. Сонда шыны керек адамдарды 400 мың теңгеге бола шетелге жібермейсің ғой. Оны жолда неше түрлі жағдай болуы мүмкін ғой. Сондықтан максимум тіркеуге тырысамыз.

Сондай-ақ, кедендік одақ елдерінен келген көліктердің көпшілігі кедендік тазартудан өткені анық. Ал үшінші елден жеткізілгін автомобильдер жеңілдікті пайдалану үшін алдымен кедендік баж салығын төлеуі міндеті. Ал бұл аз ақша емес.

Айнұр Сартаева, ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі:
Шетелден сол автокөлікті қанша теңгеге сатып алғаны немесе долларға сатып алғаны жөнінде барлық құжаттарды тіркеп, банктік құжаттарын, инвойс барлығын тіркеу керек. Сонда сол сатып алған кедендік құнына байланысты әрі қарай оның кедендік төлемдері де анықталады. Орта есеппен алғанда ондай кедендік төлемдер сатып алған бағадан 25-27 процентті орта есеппен құрайды.

Көлікті Қазақстанға кімнің және қашан кіргізгендігі туралы ақпарат шекара қызметі мен сақтандыру компанияларынан алынады. Үкіметтің жоспары бойынша жеңілдікпен тіркеу жаңа жылдан басталады. Әзірге, шетелдік әріптестермен байланысты пысықтау, ортақ базаны тексеру сынды дайындықтың соңғы жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу