Екібастұзда 115 тағы нысан жылудан ажыратылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұзда 115 тағы нысан жылудан ажыратылды

29.11.2022

Екібастұз қаласында жағдай кешегіден де қиындады. Бұған дейін 22 нысанда жылу болмаған. Ал, түнде тағы 25 көпқабатты және 90 жекеменшік үй жылудан ажыратылды. Негізгі ақау шыққан жер анықталғанымен күрделі инженерлік торапты алмастыру жұмыстары оңай болмай тұр.

Кеше кешкісін Екібастұз қаласына еліміздің қалаларынан 23 бригада көмекке келді. Негізгі жұмыстар екі жерде жүріп жатыр. Ең күрделісі орталық жылу пункті. Сондықтан негізгі күш осында жұмылдырылған.

Бұл жердегі жылу желісі шіріп тұр. Сондықтан құбырлар тұтастай алмастырылылады. Бұдан бөлек шаһардың басқа аумақтарында да әлсін-әлсін су кетіп жатыр.

Болат Аманбаев, тілші:

Аяздың беті қайтпағандықтан қысымды азайту мүмкін емес. Соның салдарынан жаңа ақаулар шығып жатыр. Міне стансаның дәл іргесінде жаңа ғана құбыр жарылып, су бұрқақ болып атылды.

Жедел бригада бұл ақауды тез арада жөндеді. Ал, түнде орталық магистральден 25 көпқабатты және 90 жекеменшік үйге үйге жылу апаратын желіде ақау пайда болды. Салдарынан бұл үйлерде жылудан ажыратылды. Тимур Қаржасбаев үш бөлмелі пәтері демде суып кеткенін айтты.

Тимур Қаржасбаев, Екібастұз қаласының тұрғыны:

Міне жылытқышты да қосып қойдық. Бөлме жылынсын деп. Және мынаны егер ашып тастайтын болсақ мына жақтан суық соғып тұрады. Балалардың аяғына суық келеді. Сондықтан тоңып қалмасын деп осылай біз жауып қойдық қымтап. Ар жақтан салқын келмесе деп осылай жауып тұрмыз.

Екібастұздағы жағдай қашан қалыпқа келері белгісіз. Негізі жылу электр орталығының мүшкіл жағдайын және қаланың қысқа дайын еместігін тұрғындар да, қоғам белсенділері де жаздан бері айтқан болатын. Үкімет басшысы республикалық жұмыс тобын құруды тапсырды. Бірақ олардың не тындырғаны жайлы ақпарат болған жоқ. Кешеден бері атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті стратегиялық нсанда техникалық тексеруді бастады.

Жұмабай Қоғабайұлы, қоғам белсендісі:

Техникалық аудит те керек. Бірақ қаржылық есеп берсін бұлар. Қайда кетіп жатыр. Салығы қанша? Кірісі қанша? Мына жөндеуге қысқа дайындық күз кезінде қанша кетеді? Қанша жұмсалады. Соны білсе жетіп жатыр ғой енді.

Қазір шаһарда жылыну пунктері көбейтіліп жатыр. Ол жерлерде адамдарға ыстық тамақ та беріледі. Астанадан жеткен 1200 жылытқыш тұрғындарға таратылды.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу