Қазір футбол сүйетін қауымның назары Қатарда өтіп жатқан Әлем чемпионатында екені түсінікті. Осы мундиаль кезінде «Апта» бағдарламасы мынадай детальға назар аударды. Иранның ұлттық командасы ағылшындық қарсыластарымен кездесерде елінің әнұранын айтудан бас тартты. Осылайша, ирандық футболшылар өз мемлекетінде шеруге шыққан отандастарына қолдау білдірсе керек. Дегенмен, жұмада Уэлс құрамасын жеңерде бұл команда Ислам Республикасының гимнін орындаған. Ирандықтар уэлстік ойыншыларды 2-0 есебімен ұтқаны белгілі.
Карлуш Кейрош, Иран командасының бас бапкері:
Бұл бізге оңай тиген жоқ. Дегенмен, меніңше, тамаша ойнадық, жеңіске лайықпыз. Алайда, Уэльс құрамасының футболы өте тура, қауіпті, әрі жылдам екен. Ертерек гол соғуымыз керек еді, бірақ бұл матч қой.
Ирандағы жағдайға келсек, сенбі күні Тегерандағы университеттер мен елдің ірі қалаларының бірі Исфаханда шерулер өтті. Соңғы мәліметтерге қарағанда, екі жарым ай бұрын басталған демонстрациялар мен қақтығыстар кезінде 450-ге жуық адам қаза тапқан. Солардың 63-і – балалар. Тәртіп сақшылары 50-ден астам адам жоғалтып, тағы 18 мыңдай ирандық тұтқындалды. Бұл мемлекетте көтерілістер қыркүйектің 16-да 22 жастағы Махса Әмини хиджабты дұрыс тақпады деген себеппен қамалып, қайтыс болғаннан кейін басталды. Ислам Республикасының жетекшілері елдегі тұрақсыз ахуал үшін әдеттегідей Батыс пен Израильді айыптап келеді. Қарсы жақ болса, Ирандағы оқиғаларға қатысы барын растамай отыр.
Альбина Әшім