Қарағанды облысында cапасыз жолдарды жөндеу жұмысы 50 жылдан кейін қолға алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында cапасыз жолдарды жөндеу жұмысы 50 жылдан кейін қолға алынды

31.10.2022

Қарағанды облысында 50 жыл жөндеу көрмеген жол жөнделіп жатыр. Осакаров ауданы мен Молодежный кенті арасында ондаған елдімекен бар. Осы ауылдардың халқы жылдар бойы жол азабын тартып келген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жол сапасын жақсарту туралы тапсырмасынан кейін облыстық жолдарға да көңіл бөліне бастаған.

Бұл жолмен «Астана-Қарағанды», «Қызылорда-Павлодарға» қатынауға болады. Тәулігіне 2 мыңға жуық көлік жүреді. 80 шақырымдай жолдың жартысына жуығы тақтайдай тегіс жол болып шыға келді. Мұндай оң өзгерісті кент тұрғындары да көптен күткен еді.

Фёдор Бушуев, Молодёжный кентінің тұрғыны:

Бұрын да асфальт болған. Бірақ шұрық-тесік еді. Жақсы жолды барлық ауыл тұрғындары асыға күткен. Себебі аудан орталығына барған кезде жол азабын тартатынбыз. Көктем кезінде жолды су шайып кететін.

Үшінші санатты жолды жөндеу жұмыстары 2019 жылы басталған. Сол кезде 53 шақырымы орташа жөндеуден өткен еді. Енді, міне, қалған бөлігіне күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары 2023 жылы толық аяқталады.

Владимир Ким, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

Бұл жолдың техникалық регламентке сай келмеуі соңғы уақытта өткір мәселеге айналып, тұрғындар тарапынан көп көтерілген болатын. Қазіргі уақытқа дейін бас-аяғы 28 шақырымы жөнделді. Қалған 43 шақырым жолдың техникалық жағдайы 3-ші санатты талапқа сай келеді.

Биыл жол жиектері көтеріліп, екі қабат асфальт төселді. Ал келер жылы жол төсемінің соңғы үшінші қабаты жабылады. Мердігерлер құрылыс сапасына 5 жыл мерзімге кепілдеме беріп отыр. Бұл іске 200-ге жуық адам мен 100-ден астам техника тартылған. Жобаның жалпы құны – 4 млрд теңге.

Мәди Дадиев, мердігер компания өкілі:

Асфальт қалыңдығы 8,6 және 5 см 3 қабатты жол төсемінен тұрады. Бірінші учаскеде 3 су өтетін құбыр жасалған, мында 16 су өткізгіш құбыр іске қосылған. 

Биыл Қарағанды облысында 1 200 шақырымға жуық жол жөнделді. Оның 350 шақырымнан астамы облыстық маңызға ие. Барлық жоспарланған міндеттерді іске асыру үшін жол-құрылыс маусымында 3 мың техника мен 60-қа тарта асфальт зауыты жұмылдырылды. 5 мыңға жуық адам жұмысқа тартылды

Руслан Нұрланұлы, Бекзат Сәбитұлы

Хабарламаларға жазылу