Президент сайлауы: Екі үміткер бірлестіктер атынан саяси додаға ұсынылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент сайлауы: Екі үміткер бірлестіктер атынан саяси додаға ұсынылды

09.10.2022

Осы аптада Қ.Тоқаевтан басқа тағы екі үміткер республикалық бірлестіктердің атынан ұсынылды. Кәсіби әлеуметтік жұмысшылар ұлттық альянсы Астана қаласы Мәслихатының депутаты Қарақат Әбденді президенттікке кандидат етіп ұсынды. Ол 3 жыл бұрын жарық көрген «Сен қазақтың қызысың. Мақтан ет!» атты кітабы арқылы танымал. Мамандығы – экономист. Қаржы министрлігі мен соған қарасты ведомстволарда лауазымды қызметтер атқарған. Сондай-ақ, бұрынғы мәжілісмен Нұржан Әлтаев та сайлауға қатысуға ниет білдіріп, Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын тапсырып үлгерген. Оны «Мұқалмас» бақылаушылар қоғамдық бірлестігі ұсынды. Бірақ ОСК мәліметінше, «Мұқалмас» бірлестігінің бірнеше бөлімшесінің жетекшісі жоғарғы орган жиынының хаттамасы бұрмаланғанын айтып, хат жазған. Кандидаттарды ұсыну 11 қазан кешкі 18:00-де аяқталады.

Ал бүгін Орталық сайлау комиссиясы «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан ҚР президенттігіне ұсынылған үміткер Жигули Дайрабаевтың барлық талапқа сай екенін мәлімдеді. Енді оған да кандидат ретінде ресми тіркелу үшін жақтастарынан қол жинауға рұқсат берілді.


Хабарламаларға жазылу