Сайлау-2022: 6 үміткер сайлаушылардан қол жинауға кірісті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сайлау-2022: 6 үміткер сайлаушылардан қол жинауға кірісті

13.10.2022

Кезектен тыс Президенттік сайлауға кандидат ретінде ұсынылған 6 үміткер сайлаушылардан қол жинауға кірісті. Олар келесі аптаның жұмасына дейін заңнамада көрсетілген қолды жинап, кандидат ретінде тіркелуі керек. Сонымен, қазір саяси науқанға қатысуға ниетте қанша үміткер қалды.

Асылбек Данияр, тілші:

Орталық сайлау комиссиясының ақпараты бойынша , 20 қарашада өтетін сайлауға қатысуға тек бір үміткерге рұқсат берілді. Ол Халықтық коалиция атынан ұсынылған, қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Одан бөлек, президенттік кандидаттыққа үміткер ретінде ұсынылған 6 адам сайлаушылардың қолын жинауға кірісіп кетті. Олар: «Ауыл» партиясы атынан - Жигули Дайрабаев, «Аманат» кәсіподақтар достастығы атынан - Мейрам Қажыкен, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан - Нұрлан Әуесбаев, «Кәсіби әлеуметтік жұмыскерлердің ұлттық альянсы» атынан - Қарақат Әбден, «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігі атынан - Жұматай Әлиев және «Қазақ аналары – дәстүрге жол» бірлестігі атынан - Салтанат Тұрсынбекова.

Сондай-ақ, кеше «Футбол жанкүйерлерінің қазақстандық лигасы» республикалық қоғамдық бірлестігінен ұсынылған Бақыт Жаңабаевтың кандидатурасы президенттікке үміткерлерге қойылатын сәйкестігі тексерілетін болады. Ал, Орталық сайлау комиссиясы үш үміткерді президенттікке кандидат ретінде тіркеуден бас тартты. Олар: Талғат Ерғалиев – «Қазақстан құрылысшылар одағы» атынан, Хайролла Ғабжалилов – «Оралмандардың «Асар» бірлестігі» атынан және Фатима Бизақова - «Тәжірибелік психология» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан. Бұдан бөлек, комиссия «Мұқалмас» қоғамдық бірлестігі атынан ұсынылған Нұржан Әлтаевтің сәйкестігін белгілеу рәсімін уақытша тоқтатты.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу