Енді Ұлытау облысына әуе рейстері мен теміржол қатынасы жақсарады. Бұрын соңды шалғайдағы өңір жұрты елорда мен Алматыға, басқа да қалаларға жету үшін жол азабын тартып-ақ келді. Қатынастың жақсаруы жаңадан құрылған өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеріп, халықтың әл-ауқатын жақсартпақ.
Жезқазған жұртшылығы бұрын-соңды Алматыға ұшақпен баратын. Оның өзіне билет болмай, көбіне таксилетіп қып-қызыл шығынға бататын. Ал пойыз болса сонау 600 шақырым шалғайдағы Қарағандыдан жүретін. Енді 6-шы қыркүйектен бастап Алматы-Жезқазған бағытында тальго қатынайды.
Гауһар Күсиген, Жезқазған қаласының тұрғыны:
Алматыға ұшақпен баратынбыз. Жақсы болатын еді тальго жүрген жағдайда. Тез жетуші едік баратын жерімізге. Қуанышымыз шексіз.
Әсемгүл Қазанбаева, Жезқазған қаласының тұрғыны:
Таксимен барғаннан көрі ол өте ыңғайлы ғой. 2 пойызбен Қарағандыға барғаннан көрі ұшаққа билет іздейді, таппай жатады. Басқа жақтан келетін кісілерге де өте ыңғайлы ғой.
Жүрдек пойыз 22 вагонды. Жезқазғандықтар бұрын-соңды Алматыға 29 сағат жүріп барса, енді ол 17 сағатқа дейін қысқарады. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан-Жезқазған және Қызылорда-Жезқазған-Павлодар бағыттарында да қосымша вагондар қарастырылады.
Жомарт Бегаев, ТКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
Қыркүйек айынан бастап Алматы-Жезқазған бағытында тальго пойызы жүретін болады. Ол нақты жұп күндері жүреді. Мысалы 6-шы қыркүйек, 8,10,12-сі күндері сияқты. Әуе рейсі 15-ші тамыздан бастап күнделікті ұшады. Нұр-Сұлтан-Жезқазған. Ал Алматы-Жезқазған бағытында ол аптасына 3 рет ұшады.
Осылайша Жезқазған әуежайындағы рейстер саны 2 есеге артады. Қазір жауапты компаниялар бұл жұмыстарды жетілдірумен айналысуда. Бұған қоса мамандардың айтуынша, келешекте қаладағы теміржол вокзалы талапқа сай жаңғыртылады.
Руслан Нұрланұлы