Ақтауда қоқыс шығарылмаған: Мыңға жуық тұрғыннан шағым түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтауда қоқыс шығарылмаған: Мыңға жуық тұрғыннан шағым түсті

08.08.2022

Ақтауда өткен демалыс күндері тұрмыстық қалдықтар шығарылмай қалды. Себебі, қоқыс таситын көліктер жаппай бұзылып, жөндеуге тұрып қалған. Салдарынан тұрғын үйлердің маңайы қоқысқа толып, жағымсыз иіс жайлаған.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Коммуналдық қызметке екі күнде мыңға жуық шағым түскен. Тек бүгін түске дейін қоқыстың шығарылмай жатқанына 35 адам шағымданған. Таңертеңнен 20 көлік шығып, қоқыстарды шығарып жатыр. Айта кетейік, шаһарда күн сайын 500 тоннадай тұрмыстық қатты қалдық жиналады.

Райла Қонақбаева, қала тұрғыны:

Енді үнемі алынбайды деп айтпаймын. Осы аптада осылай болып қалды. 250 теңге айына төлеп отырғанымыз. Мына жерде көп балалы отбасылар бар. Қазіргі жағдайда тамақ азық-түлік те қымбат. Коммуналдық қызмет те қымбат.

Коммуналдық мекеме басшысының сөзінше, қоқыс шығару қызметінң құны төмен. Соңғы рет осыдан 2 жыл бұрын тариф адам басына 250 теңге болып бекітілді. Оны да уақтылы төлемейтіндер көп. Ақтау халқының мекеме алдындағы қарызы – 180 млн теңгеге жеткен. Сол себепті бұзылған көліктерді жөндеуге қаржы жоқ. Күніне 6-7 көлік бұзылады. Қосымша бөлшектер 3-4 есе қымбаттап кеткен.

Әділет Пірімқұлов, коммуналдық мекеме директоры:

Жаңадан шыққан Экологиялық кодекс бойынша расчет жасалды. Расчет 681 теңге көлемінді шығып тұр адам басына. Бірақ қазір 450 теңге бекітіп берейін деп жатыр. 450 теңге бекітіп берсе, ол да бір шешім болады деп ойлаймын. Қазіргі таңда 250 теңгемен жұмыс жасай алмаймыз.

Оған қоса, жаз мезгілінде қоқыс әлдеқайда артады. Сондықтан қоқыс контейнерлері тез толып қалады екен. Бүгінде барлық техника шығарылып, кәсіпорын штаттық режимде жұмыс істеуге көшті.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу