Түркістан облысында 200 жыл бұрын салынған мешіт қараусыз қалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында 200 жыл бұрын салынған мешіт қараусыз қалған

27.07.2022

Түркістан облысы Ордабасы ауданында мемлекет қорғауына алынған көне мешіт тозып барады. Жаңғырту жұмыстарының уақытылы жасалмауынан 200 жыл бұрын салынған нысанның күмбездерінен су өтіп, қабырғалары жарыла бастаған.

Иран, Орта Азия сәулет өнері үлгісімен салынған мешіттің кірпіштері үгітіле бастағанына біраз жыл болды. Күмбездерден өткен жауын суы мүжіп жатыр. Соның әсерінен ғимараттың оң жақ қабырғасына сызат түскен.

Ерік Әшірбердиев, Ишан Базар (Ақмешіт) тарихи сәулеттік ескерткішінің секторы меңгерушісі:

Өзіміз қара қағаз төсеп, смола жағып, клей жағып, Сауран құмын Иран цементімен араластырып, 13 күмбезді жылына екі рет жағып шығамыз. Күзде, көктемде. Сол жауынды сәл де болса ұстайды.

Тарихи нысан 1803 жылы салынған. Содан кейін екі рет реставрация жасалған. Кеңес одағы ыдыраған тұста басталған алғашқы жаңғырту жұмысы аяқсыз қалған. Сол аралықта мешіттің орталық күмбезінің 80 пайызы бұзылады. Ол тек 2003 жылы жеке кәсіпкердің демеушілігімен қалпына келтіріледі. Мәдениетті қолдау жылында министрілік бұл істі сырттай иемденіп, үкіметке есеп берген. Содан кейін мұнда ешкім ат-ізін салмайды.

Исақ Саруардин, ауыл тұрғыны:

Қазіргі түрі мынау жарылып жатыр, күмбезден су ағып жатыр. Теңдесі жоқ тарихи ескерткіштер ғой. Мұны бір бұзып алсақ қайта қалпына келтіру мүмкін емес.

Сәулеттік ескерткіштің осы жәй-күйін айтып, мәдениет мамандары жылда министрілікке хат жолдаумен келеді. Әржолғыдай еститіндері көңілжықпас, сырғытпа жауап.

Гүлзира Әшірбаева, Қажымұқан атындағы спорт музейінің ғылыми қызметкері:

Соңғы келген хаттарында министрліктің 2023 жылға қаралмаған ешқандай қаражат. 2023-2024 жылдар аралығында республикалық сюджеттен қарау жоспарлануда деген хаты келді.

Мешітке қайта жаңғырту жұмыстары басталып қалады деген үмітпен 2018 жылы техникалық сараптама да жүргізілген. Мамандар бүлінген, бұзылған жерлерін анықтап, оны реставрациялауға қанша қаржы кететін де нақтылады. Алайда қыруар ақшаға істелген сараптама да енді мерзімі өтіп кеткендіктен жарамсыз деп танылып отыр.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу