X Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі ашылды (толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

X Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі ашылды (толығырақ)

15.09.2014
X Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі ашылды (толығырақ)

Бүгін Алматыда Х Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды. Биылғы кинододаға Еуропа мен Азиядағы 30 елден 170 кинокартина келіп түскен. Соның үздік 12-і таңдалып алынды. Олардың қатарында отандық киногер Ермек Шынарбаевтың «Дала дауысы» туындысы да бар.

Жылда «Еуразия» кинофестивалінің ашылымында өнерсүйер қауым шетелдік және отандық актерлерді қызыл кілем үстінде қарсы алады. Әлемді танымал кинолардағы шебер сомдауымен таңғалдырған үздіктермен жүздесуге мүмкіндік алады. Сол дәстүр биыл да жалғасты.

Никос Сафронов, суретші (Ресей):

Мен «Еуразия» кинофестиваліне алғаш қатысып тұрмын. Ұйымдастырылуы маған ұнады. Барлығы табиғи. Барша қатысушыға сәттілік тілеймін. Бастысы - жеңіс емес, байқауға қатысу. Осындай байқаулар тәжірибе алмасу, білгеніңді шыңдауға септеседі.

Азиз Бейшеналиев, киноактер (Қырғыз Республикасы):

Мен бұл байқауға жыл сайын қатысып жүрмін. Соңғы жылдары қарқынды дамуда. Фестивальге қызығушы елдер, қатысатын картиналар саны, тіпті сапасы да артып келеді.

Биылғы кинофестиваль халқымыздың өнер майталманы, ұлы режиссер Шәкен Аймановтың 100 жылдығына арналып отыр. Сондықтан, киномереке шымылдығы атақты киногердің «Атамекен» фильмімен ашылды.

Бір аптаға ұласатын шара аясында қонақтар Шәкен Аймановтай шебердің өлмес туындыларын көреді. Еске алу кешіне қатысып, деректі фильм мен альбом-кітабының тұсаукесеріне куә болады.

Айтпақшы, X «Еуразия» кинофестивалінің бұл жолғы қазылар алқасы да мықты. Отандық кинотұлға Асанәлі Әшімов құрамына кіретін сарапшылар легіне қытайлық белгілі кинорежиссер Цзя Чжанкэ төрағалық етпек. Іріктелген 12 фильмнің озығын да осылар анықтайды.  

Сергей Әзімов, кинорежиссер:

Бастау оңай, жалғастыру қиын. Сол себепті мына фестивальдің жалғасы - үлкен жеітстік. Біз туындыларды көріп, салыстырып, ұлттық киномыз қандай көркемдік және кәсіптік деңгейде екенін біле аламыз. Бізге  фестиваль ауадай қажет.  Қазақстанда бірнеше фестиваль болуы керек.

Еуропа және Азия елдері продюсерлерінің арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған кинофестивальде режиссерлер бір апта тәжірибе алмасады.

Үздік киногерлер шеберлік сабақтарын өткізіп, дәріс оқиды. Ал, ертеңнен бастап «Cinema Towers» кинотеатрында отандық және шетел фильмдері тегін көрсетіледі. 

Жазира ИСАЕВА

Хабарламаларға жазылу