Алматыда Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды

12.12.2022

Алматыда Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды. 16-шы мәрте өткізіліп отырған шара - еліміздегі ең ауқымды әрі маңызды жоба. Бұл кинофорум мәдениет пен өнерді ғана тоғыстырып қана қоймай, елдер арасындағы тығыз қарым-қатынасқа негіз болып отыр. 

Фариза Мұсақызы, тілші:

Биыл «Еуразия» фестивалі он алтыншы рет өткелі отыр. Бірінші кинофестиваль 1998 жылы өтті. Осы уақыт ішінде кинофестивальден өсіп шыққан қазақ киноматографистерінің тұтас бір буыны қалыптасты. Мұнда үздіктердің үздігі – он бес отандық фильм, халықаралық кинофестивальдердің қатысушылары мен жеңімпаздары және танымал туындылар бақ сынасады. Халықаралық байқауға, әдеттегідей, Еуропа мен Азияның ең үздік фильмдері, олардың үшеуі өз елдерінен Оскарға үміткерлер қатысады. Мұнда Орталық Азияның ең мықты картиналары да қойылған. Халықаралық және ұлттық қос байқаудың ұйымдастырылуы – биылғы Еуразия фестивалінің атап айтар ерекшелігі.

Фестиваль өзі құрылған сәттен бастап Қазақстан киноөндірісіндегі жаңа кеңістіктерді ашуға, көрермен мен автор арасын жақындатуға, жалпы киноиндустрия саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етіп келеді. «Евразия» фестивалі республикамыздың жас кинематографистері үшін ерекше мереке екенін атап өткен жөн. Себебі бұл басқосулар арқылы олар өздерін толғандырған көптеген сұраққа жауап іздейді, бағдар айқындайды. Ең бастысы, өздерін танытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Байқауда – 15 толық метражды көркем туынды көрсетіледі. Олардың көпшілігі әлемдік киноалаңдарда болып, өздерін танытып үлгерді: «Ақын» – Токио ХКФ жүлдегері, «Схема» - Берлин жүлдегері, «Өмір» – Торонто ХКФ қатысушысы. Олардың қатарына «Параолимпиадашы», «От», «Отау», «Анашым, мен тірімін!» сияқты табысты фильмдері қосылды.

Чех және итальяндық режиссерлер бірлесіп түсірген «Il Boemo» тарихи фильмі Моцарт дәуіріндегі Венецияны, ал «Керр» психологиялық драмасы Түркиядағы елді мекендегі оқиғаларды баяндайды. Екі фильм де – биылғы «Оскар» сыйлығына Чехия менТүркия атынан үміткер. Ал қырғыздың «Есімде» картинасы қазірдің өзінде «Азия Оскарының» иегері болып үлгерді. Сонымен қатар бізде әлемдік премьералар да бар, олар – қазақстандық «Боран» фильмі мен грузиннің «АруЕлена» фильмі.


Хабарламаларға жазылу