Темекіге тәуелді азаматтардың қатары азайып келеді. Оған екі жыл бұрын қабылданған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс нормалары әсер еткен. Бұл туралы денсаулық сақтау министрінің орынбасары мәлімдеді. Құжатта темекі сатып алуға құқылы азаматтардың жасын 18-ден 21-ге көтеру нормасы қабылданды. Сондай-ақ, оны сауда сөрелеріндегі көрнекі жерге шығарып қоюға тыйым салынған. Қазір, темекіге қарсы коалиция өкілдері электронды темекіге тыйым салу бастамасын көтеріп жүр. Оған әуестенгендер қатары артқан. Ал, әлеуметтік сауалнама кезінде тұрғындардың 70 пайызы темекі түтінінен азат орта құру бастамасын қолдаған.
Жәмила Садықова, «Темекі түтінінен азат Қазақстан» ұлттық коалициясының көшбасшысы:
Электронды шылымның акцизін қымбаттату арқылы бұл шылымға балалардың қол жеткізуі қиындайды. сол шектеулі сауданың өзінен жақсы табыс көруге мүмкіндік аламыз. Яғни ондай саясаттан мемлекет ұтады. Электронды шылым акцизінен жыл сайын 80 млрд теңге кіріс кіргізе аламыз. Бұдан тек табак индустриясы ғана зардап шегеді.
Сәбит Әлдебай