Солтүстік Қазақстанда балық шаруашылығын дамыту қолға алынды. Бұл кәсіпті нәсіп еткісі келгендерге мемлекет тарапынан демеу қаржы да төленбек. Биыл теріскейдегі өзен-көлдерге 35 млн-нан астам балық дернәсілі жіберіледі. Мамандар бұл жұмысты Сергеев су қоймасынан бастады. Өңірдегі әріптесім Эльмира Кәленова балық өсірудің қыр-сырын біліп қайтты.
Эльмира Кәленова, тілші:
Петропавл балық тәлімбағында су маржандарының екі түрі бар. Жылына 100 млн дернәсіл өндіріліп, өзен-көлдерге жіберіледі. Мәселен мына хауызда тұқы балығының аталығы мен аналықтары жүзіп жүр.
Вейс аппараты. Бір ыдысқа шамамен 1 млн ақсақа балығының уылдырығы жіберілген. Ол жарты жылда дернәсілге айналады. Қабығын жарып шыққан кішкентай ғана балықтар жүзіп отырып, хауызға түседі. Ал хауыздағы дернәсілдерді 3 күн ішінде табиғи су қоймасына жіберілуі шарт.
Анастасия Молоткова, инкубациялық цех меңгерушісі:
Уылдырыққа оттегі барып тұруы тиіс. Мәселен мына хауызда көрсеткіш талапқа сай. Суды Есіл өзенінен аламыз. Ол үнемі ауыстырылып тұрады.
Біз қазір Есіл ауданындағы Смирнов балық шаруашылығындамыз. Мұнда шортан өсіріледі. Зейнеткер Вячеслав Смирнов жалғыз өзі жылына 5 млн дернәсіл өндіріп, көлге жібереді.
Вячеслав Смирнов, кәсіпкер:
Ыдысқа қылқан жапырақты ағаштың бұталарын салып қоямын. Ол суды залалсыздандырады. Балықты күндіз-түні бақылаймын.
Мына қаптарда Петропавл балық тәлімбағынан әкелінген 30 млн дернәсіл бар. Олар қазір Сергеев су қоймасына жіберілуде. Мамандардың айтуынша, олардың 40 пайызы ғана жаңа ортаға бейімделіп, өсіп-жетіледі.
Серік Қалин, Балық тәлімбағының қызметкері:
Балық табиғи жағдадйда өздігінен өседі. Суға жіберген соң, азығын өзі табады. Арнайы тамақтандырудың қажеті жоқ.
Солтүстік Қазақстан – балық өсіруге қолайлы аймақ саналады. Өңірде 2 мыңнан астам ірілі-ұсақты өзен-көл бар.
Аслан Жеңісұлы, Балық шаруашылығы комитетінің ресми өкілі:
Былтыр 600 тонна тауарлық балық өсірілсе, биыл оның көлемін 700 тоннаға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Жалпы алғанда облыста 2030 жылға дейін 10 мың тоннаға дейін тауарлы балық өсіруді көздеп отырмыз.
Сергеев су қоймасының аумағы 11 мың гектар. Оның таңдалуы кездейсоқ емес. Себебі су құрамы шабақтар үшін өте қолайлы. Ал бүгін жіберілген дернәсілдердің балыққа айналуына 6 айдай уақыт қажет.
Эльмира Кәленова