Көкшетауда заңсыз қоқыс полигондары көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетауда заңсыз қоқыс полигондары көбейді

14.04.2022

Көкшетауда заңсыз қоқыс полигондары көбейді. Қаланың айналасы қатты қалдықтарға толып кеткен. Қар еріген соң, жеңіл қоқыс желмен ұшып жатыр. Бұл мәселені экологтар жылда көтереді. Алайда, айтарлықтай өзгеріс жоқ, - дейді мамандар.

Әлібек Дайыров, қала тұрғыны:
Мынау маңайды біз кеше ғана, бүкіл балаларды жиып, анау тележканы толтырып, бүкіл қағазды жидық. Бүгін тағы жел соғып тұр. Как жел болады свалка жақтан бүкіл қағаз қоқыр-соқырдың бәрі мұнда ұшады түгел. Олар келеді де мынау үйдің анау-мынау қорасына, нелеріне бәріне түгел тіреліп болады. Енді жел мына жақтан соққанда, мына жақтағы қайрадан сол қағаздар мына жаққа ұшады.

Былтырдан бері қалада үлкенді-кішілі 180 заңсыз қоқыс тастайтын полигон анықталған. Олардың ең ірісі жоғарыда айтылған аумақ. Жергілікті билік өкілдері биыл ол жерді тазалаймыз деп отыр.

Ерболат Серікбаев, Көкшетау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:
Келісім-шарт жасалды. Бөлінген сомма - 28 миллион теңге. Шығарылатын қоқыс көлемі 19 мың метр кубқа теңеседі. Жұмыстар жыл бойы жылдың соңына дейін жүргізіледі. Кезек бойынша шығарылып отырады.

Ал Ақмола облысы бойынша өткен жылы ғарыштық бақылау арқылы 1300-ден астам заңсыз қоқыс тастайтын орын анықталыпты. Экология департаментінің мәліметінше, оның 80 пайызы жойылған. Мамандар бұл мәселеге өңірдегі қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының тапшылығы себеп дейді. Мәселен, қазір Көкшетауда ондай нысан жоқ.

Ержан Ахметов, Ақмола облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары:
Облыс аумағында заңдастырылған қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған 24 полигон ғана бар. Сондықтан заңсыз қоқыс төгу орындары бола береді. Біз әрдайым жергілікті билік органдарына ақпарат беріп, атқарылған жұмыс нәтижесі жайлы есеп аламыз. Өткен жылы 2 лауазымды тұлға жауапқа тартылды.

Қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының тапшылығы қашан жойылатыны белгісіз. Ал әзірге тәртіп сақшылары қоқыс төгетіндерге қатысты бақылауды күшейтсе екен, - дейді мамандар.

Ермек Елберген 

Хабарламаларға жазылу