«Жаңа толқын-2014» байқауы қалай өтеді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Жаңа толқын-2014» байқауы қалай өтеді?

22.07.2014
«Жаңа толқын-2014» байқауы қалай өтеді?

«Жаңа толқын-2014» халықаралық жас әншілер конкурсына дайындық жұмыстары осыдан бір аптадан астам уақыт бұрын басталып кетті. Байқау қатысушылары алдын ала Юрмала қаласында фестиваль режиссері Александр Ревзиннің қарамағында дайындық жасап, стилист және визажисттермен жұмыс істеді.

Сондай-ақ, әр конкурсант қатысушы елдердің елшілік өкілдерімен бірге кәсіби мүсіншілердің көмегімен «Жаңа толқынның» дәстүрлі барельефін жасады. Кейін ол күміспен көмкеріліп, «Дзинтари» концерт залының жанындағы аллеяға орнатылатын болады. Сонымен қатар, әр қатысушы өздерінің суреті бар 20 пошта маркасы жиынтығын алып, өздері жазған хатқа жапсырып, үйлеріне жөнелтті.

Конкурс алдымен байқауға қатысушылардың қызыл кілеммен жүріп өту рәсімімен басталады. Содан кейін конкурстың ашылу салтанатына арналған концерт өтеді. Концертте арнайы қонақ ретінде танымал швед әншісі Ула өнер көрсетеді, деп күтілуде.

«Дзинтари» концерт залында өтетін фестиваль шілденің 27-не дейін созылады. Конкурстың бірінші күнінде қатысушылар әлемдік хит орындаса, екінші күні өз елінің үздік әні, ал үшінші күні осы фестивальге арналып жазылған әнді шырқайды. Конкурс нәтижесі бойынша бас жүлде – үш «Хрустальді толқын» және қаржылай жүлде, сондай-ақ, көрермен көзайымы жүлдесі берілетін болады.

Жалпы, фестивальдің ұйымдастыру комитеті 15 мыңнан астам өтініш қабылдаған. Алайда, финалда Қазақстан, Армения, Германия, Грузия, Израиль, Италия, Қырғыз Республикасы, Латвия, Литва, Молдова, АҚШ және Украина елдерінің әншілері бақ сынайды.

Қазылар алқасы қатарында Игорь Николаев, Лайма Вайкуле, Леонид Агутин, Валерий Меладзе, Константин Меладзе, Филипп Киркоров бар.  Ал биылғы конкурстың арнайы шақырылған қонақтары - Рики Мартин, Лара Фабиан және италиялық трио «Иль Воло».

Айта кету керек, биылғы маусымның басты жаңалығы – Алла Пугачеваның конкурсқа  қайта оралуы. Ол байқау барысында шығармашылық кешін өткізбек.

Хабарламаларға жазылу