Алматы облысының су айдындарында балық аулауға уақытша тыйым салынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысының су айдындарында балық аулауға уақытша тыйым салынды

05.04.2022

Бүгіннен бастап Алматы облысының су айдындарында балық аулауға уақытша тыйым салынды. Бұл шектеулер балықтардың уылдырық шашу кезеңімен тікелей байланысты.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Балықтардың уылдырық шашу маусымының басталуына байланысты өңірдегі бірқатар өзен-көлде уақытша балық аулауға тыйым салынды. Бүгіннен бастап Қапшағай су электр станциясынан Аралтөбе балық қабылдау пунктіне дейін, Іле өзенінен балық аулауға болмайды. Бұл шектеу 5 маусымға дейін жалғасады. Сондай-ақ Қаратал, Ақсу, Лепсі өзендерін қоса алғанда, Балқаш көлінде де 15 сәуірден 1 маусымға дейін балық аулауға рұқсат жоқ.
Қапшағай су қоймасында балық аулайтын әуесқой және кәсіби балықшыларға қуанышты жаңалығым бар. Бұған дейін бұл көлде шектеулер 5 сәуірден басталатын. Алайда ғылыми зерттеулер жүргізіліп, ауа райы мен су температурасына байланысты Қапшағайдағы балықтардың уылдырық шашу кезеңі кештеу басталатыны дәлелденіп отыр. Енді су қоймада 15 сәуірден бастап балық аулауға болмайды. Бұл шектеу 31 мамырға дейін жалғасады. Дәл осындай зерттеулер қазір Алакөл көлдер жүйесінде жүргізіліп жатыр. Ол жақта да тыйым салу шегерілуі мүмкін.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу