Қазақстанның үш облысының өзінде 300-ден астам елдімекен жарықсыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанның үш облысының өзінде 300-ден астам елдімекен жарықсыз қалды

30.03.2022

Ақтүтек боранның кесірінен тек үш облыстың өзінде 300-ден астам елдімекен жарықсыз қалды. Ал, Ақмола облысының Целиноград ауданына қарасты Қызылжар ауылында жойқын желден үйдің мұржасы құлап, алты адам иіс тиіп ауруханаға түсті. Бесеуі бала.

Ақмола облысында ақтүтек боранның кесірінен жарықсыз қалған 97 елдімекеннің 40 шақтысына электр энергиясы берілді. Қазір ғимараттар мен көліктерге келген шығын есептеліп жатыр. 20-дан астам көлік соғылған. Жалпы, қолайсыз ауа райының құрсауында қалған қалған 270 адам құтқарылды.

Павлодар облысы

Павлодар облысында да 50- ге жуық елдімекен электр энергиясынан ажырады. Дүлей жел 20 шақты ғимаратты қиратты. Облыс орталығында ондаған ағаш құлап, сауда павильондарын ұшырып әкеткен. Нұр-Сұлтан бағыты бойынша жол жабық. Қар құрсауында қалған 40-тан астам адам құтқарылды.

Ал, талдықорғанда қатты жел 70-ке жуық ғимараттың шатырын ұшырды. Әскери казарма мен құтқару қызметінің ғимараттары бүлінді. Электр желілері үзіліп, 35 мыңнан астам тұрғыны бар 83 елді-мекен жарықсыз қалды. Төтенше жағдайда бір адам шатырдан құлап, жарақат алған.

260 адам құтқарылды

Қарағанды облысында жедел штаб құрылды. Өңірде кеше түннен бері жолда қалған 260 адам құтқарылды. Олардың 31-і бала. Қазір ауа райы дұрысталды. Жол ашық. Қатты жел екі мәдениет үйі мен бір мектептің шатырын жұлып әкетті. Зардап шеккендер жоқ.

Шығын есептеліп жатыр

Жандос Темірғали, тілші:

Атырау өңірінде болған дүлей дауыл әсіре қалаға қатты тиді. Екпіні секундына 29 метрге дейін жеткен жойқын желдің кесірінен 18 көпқабатты үй мен 10 әлеуметтік нысанға зақым келді. Қазір облыс деңгейінде комиссия құрылып, арнайы топ күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Шығын әлі есептелуде...

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу