Қуат Асанбеков: Делдал болсаң, сенде материалдық база болу керек
Мұнай-газ, жалпы энергетика саласы, банктер мен кеден бекеттері, тағы не бар, ірілерін былай қойғанда, билет сатудан да пайда табу схемалары делдалдыққа негізделген бизнессымақ бірдеңе.
Билеп-төстеу арқылы баю және басқаларды өздерінің кітаптарын таныстырғанда жазатындарындай - «жылдар бойы тебіренткен рухани білімімен» сусындату. Амангелді Сейітханның материалы.
Аманкелді Сейтхан, тілші:
Шынында, бұл мәселе бұрыннан белгілі. Азық-түлік болсын, киім-кешек болсын, газ-бензин болсын қай салада да баға өссе оған делдал кінәлі болатынын талай естіп жүрміз. Бірақ, сол делдалдар кімдер?
Қуат Асанбеков, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департаментінің басқарма басшысы:
Мысалы, біз ірі желілік жанар-жағар май станцияларды білеміз ғой. «Қазмұнайғаз» дейміз, «Қазақойл» дейміз, «Синойл» дейміз. Ол барлық адамға мәлім ия. Ондай компаниялар бар екені. Бірақ, жаңағы біз айтып отырған делдал компаниялар бар. Оларды ешкім білмейді. Жалпы нарықтың олар 35 пайызын құрайды. Ондай компанияларда үлкен қаражат бар, бірақ, ешқандай материалдық базасы жоқ.
Негізі, «делдал» дегеніміз сатушыға да, сатып алушыға да көмектесуші. Бірақ, бізде көмегінен кедергісі көп дейді,-газ саласын зерттеп жүрген Бибігүл Рамазанова. Қаңтардағы оқиғадан кейін газ бағасына қатысты сұрақ көбейді. Президент те кейбір заңдар, қаулылар белгілі бір компаниялардың мүддесіне байланысты қабылданатынын айтты. Ол қандай заңдар?
Бибігүл Рамазанова, мұнай-газ саласын зерттеп жүрген қоғам белсендісі:
Біздің кәсіпкерлеріміз газ сататын зауыттан 26-28 теңгеге сатып алып, 45 теңгеге халыққа сатып жүрген кезі болған. Содан кейін 2018-ден бастап бұлар заңға өзгертулер енгізеді. Сол заңның аясында енді зауыттан тікелей сатып ала алмайды. Олар қандайда бір ГСО арқылы алу керек. Бұл мекемелер құжат бойынша әдемі дайындалған. Бірақ олардың құжаттарына кім қол қойды, бір техникасы жоқ, қоймасы жоқ. Бір тоннасына 7 мың теңге кабинетте отырып пайда көрген.
Осы мәселеге байланысты апта басында Павлодарда қылмыстық іс қозғалды. Өйткені, өңірдегі газ сататын кәсіпкерлер 2013 жылға дейін газды «Павлодар мұнай химия зауытынан» тікелей алып келген. Бірақ соңғы кезде оған тыйым салынып, ортада газ тарататын делдал компаниялар пайда болған. Алайда олар талапқа сай емес. Түбінде жұмыстың шығынын бәрібір өзіміз төлейміз,-дейді кәсіпкерлер.
Райхан Қожина, сұйытылған газ сататын кәсіпкер:
Қазір15 мың теңге 1 тоннасына бұл мекемелер тек құбырды ашып-жапқаны үшін алып тұр. Машинаны өлшегені үшін біздің қалтамыздан. Сосын жаңағы 0,9 процент шығын деген ана зауыттың басында болатын оны да біздің мойнымызға ілді. Сосын жаңағы прокачканы да мойнымызға іліп тұр. Зауыт пен мын ТОО соның арасындағы трубопроводқада біз төлеу керекпіз...
Бұл бір өңірдегі нақты факт. Ал, жалпы ел бойынша өзінің материалдық базасы жоқ тек құжаты күшті компаниялардың емін-еркін жұмыс істеуіне қазіргі заң мүмкіндік беріп отыр. Қалай дейсіз бе? Былай:/
Қуат Асанбеков, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департаментінің басқарма басшысы:
Сен делдал болсаң сенде материалдық база болу керек. Тіпті, нефтебаза болуы керек деген талап бар. Бірақ, тек қана жеке меншікте емес, арендаға алуға болады деген.
Бағаның өсуіне әсер ететін заңдағы осындай олқылықтар электр энергиясымен қамту саласында да бар.
Қуат Асанбеков, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департаментінің басқарма басшысы:
Энергия жабдықтау ұйымдарының негізгі мақсаты ол жаңағы бөлшек саудадағы адамдарды, тұтынушыларды энергиямен жабдықтау. Ал, бізде басқа да тұтынушылар бар ғой, мысалы үлкен фабрикалар, үлкен зауыттар. Олар негізі станциялардан тікелей алу мүмкіндігі бар энергияны. Энергия жабдықтаушы ұйымдар осы ретте жаңағы керек емес делдал болып табылады.
Аталған мысал ауыл шаруашылығында да кездеседі. Мәселен, мемлекеттен бөлінетін субсидияны шаруаға жеткізуден пайда тауып отырғандар бар. Олар түрлі жеке құрылымдар ашқан ақпараттық порталдар.
Нариман Әбілшайықов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары:
«Қолдау» орталығы бар. «Қолдау» орталығы деген бұл платформа. Мемлекеттен берілетін бәр субсидияларды ауылда істейтін дихандарға бүкіл субсидияларды төлеу мәселесі осы платформа арқылы қабылданады құжаттары. Ал, енді кәсіпкер бұл платформаға іліну үшін жыл сайын абоненттік төлем төлеу қажет. Мұның мөлшері 10-15 мың теңге. Алатын субсидиясы 30-50 мың теңге. Сондықтан да, мұндай орталықтар қажет пе деген сұрақтар туындап жатыр.
Негізі, «Қолдау» платформасы тез ақпарат алып, құжатты онлайн рәсімдеуге ыңғайлы-ақ. Бірақ, осы қызмет үшін 10-15 мың теңге төлеу әділетсіз,-дейді кәсіпкерлер палатасының өкілі. Ал, бұл бағаны кім бекітті?
Нариман Әбілшайықов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары:
Бізге де белгісіз. Платформаға шығатын шығын, платформаны техникалық сараптама, техникалық үйлестіріп жатқан қызметкерлерге кететін шығын деп санап отыр. Бірақ та, бұл мемлекеттік қызмет болғаннан кейін кәсіпкерлерге тегін болуы қажет деп санаймыз. Неге десеңіз, кәсіпкер салық төлейді, жұмыс береді, еңбекақы төлейді...
Сондықтан болар, субсидия жайлы мәліметтер қамтылатын және шаруаларға тегін қызмет ететін жаңа платформа әзірлеуді мемлекет басшысы да тапсырды.
Аманкелді Сейтхан, тілші:
Ал, біз өткен аптада пойыз билетін сатудан пайда тауып келген делдалдық түрін айтқанбыз. «Қазақстан темір жолы» компаниясы электронды билеттерді «Инстант Пейментс» атты делдал компания арқылы сатып келгенін, бірақ жақында келісімшартты бұзғанын хабарлаған. Ал, Orda.kz порталы осы «Инстант пейментстің» Әлия Назарбаеваға тиесілі екенін және «Қазақтелекоммен» де келісімшарты бар екенін жазған. Компанияның әр төлемнен қанша пайыз ақша ұстайтынын зерттеп, ортада тағы бір делдал Орион Про компаниясы бар екенін анықтаған. Соған қатысты біз «Қазақтелекомға хабарласып» бұл компаниялар нақты қандай қызмет көрсететінін білмек болдық. Бірақ, «Қазақтелекомның» баспасөз қызметі апта басындағы сұрауымызға әлі жауап бермеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
