Қаңтар оқиғасы кезінде Қарулы Күштер өзіне сенімсіз әрі қабілетсіз басшылықтың кесірінен міндетін тиісті деңгейде атқара алмады. Министр Бектанов командирлік қабілетін көрсете алмады. Командалық-штабтық және әскери жаттығулар кезінде оң нәтиже берген армияның әлеуетін сын сағатта пайдалана алмадық. Сырттан көмек шақыруға мәжбүр болдық. Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен кеңес өткізген Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Геосаяси жағдай күрделі, аймақтық деңгейдегі сын-қатерлер аз емес.
Сондықтан Қарулы Күштердің әскери дайындығын түбегейлі арттыру қажет. Ол үшін ең алдымен сыртқы және ішкі қауіп-қатерлер туралы уақтылы әрі нақты ақпаратпен қамтамасыз етуі тиіс әскери барлау қызметін күшейту керек. Президент Жарлығына сай құрылатын Арнаулы операциялар жөніндегі күштердің Басшылығына маңызды миссия жүктеледі. Олар қысқа мерзімде басқа күштік құрылымдармен бірлесіп, ұйымдастыру шараларын қабылдап, арнаулы операцияларды орындауы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев қару-жарақ сақтайтын нысандарда төтенше жағдайлардың қайталануына жол бермеу қажеттігін де еске салды. Қару-жарақтың сақталу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, пайдалануға жарамсыз және әрі қарай сақтауға қауіпті қаруды жою шараларын жалғастыру керектігін айтты. Әскердегі қару-жарақтың дені – 30-50 жыл болған кеңес дәуіріндегі техника. Қару-жарақ паркін жаңарту үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет. Қарулы Күштер заманауи әрі жоғары технологиялық қару-жарақпен, әскери техникамен жабдықталуы тиіс. Қабылданатын шаралар жүйелі болуы керек. Қару-жарақ пен әскери техниканы жөндейтін, оларға қызмет көрсететін отандық өндірісті дамыту да маңызды.