ҰҚШҰ әскері Қазақстаннан толығымен кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҰҚШҰ әскері Қазақстаннан толығымен кетті

19.01.2022

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы бітімгерлік күштерінің Қазақстандағы миссиясы аяқталды. Олар ел аумағынан толығымен кетті. Соңғы жеке құрам Алматыдан ұшып шықты. Қазір ел аумағында шет мемлекеттердің әскери қызметшілері жоқ. Ұйымның біріккен бітімгерлік контингентін кезең-кезеңімен шығару 13 қаңтардан бастап жүзеге асты. Аталған мерзімді Қарулы күштердің Жоғары бас қолбасшысы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілегені мәлім.

Айта кетейік, ұйымға мүше елдерден 2000-нан астам адам мен 250 бірлік техника елдегі жағдайды тұрақтандыруға үлес қосты. 

Александр Синяговский, ҚР СІМ Еуразиялық интеграция департаментінің директоры:

Бізге келген бітімгерлер миссиясын сәтті орындап, өз елдеріне оралды. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойылған күннен бастап 30 жыл ішінде алғаш рет жұмылдырылғанын атап өткен жөн. Қаңтар айының басында қарулы экстремистер, террористер тарапынан қарсы агрессия актісіне тап болған Қазақстан ҰҚШҰ-дағы әріптестерінен қолдау көрсету туралы көмек сұрады.

Олжас Құсайынов, Қорғаныс министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаменті басшысы:

Контингенттер әуежайларды, әскери қоймаларды және азаматтардың өмірін қамтамасыз ететін басқа да нысандарды қалқалау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметтерін атқарды. Бұл шаралар терроризмге қарсы операцияларды тікелей жүргізу үшін күштер мен құралдардың едәуір бөлігін босатуға мүмкіндік беріп, террористік белсенділікті тұтастай төмендетуге ықпал етті.


Хабарламаларға жазылу