Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы биылғы 9 айда 680 млн доллардан асты. Бұл былтырғымен салыстырғанда 9 пайызға көп. Асқар Мамин Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Қырғыз Үкіметінің басшысы Ақылбек Жапаровпен келіссөз жүргізді. Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, су-энергетикалық, транзиттік-көлік, әскери-техникалық салалардағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Екі ел өзара сауда айналымы көлемін 1 млрд долларға дейін жеткізуге ниетті. Қазақстан - Қырғыз экономикасының ірі инвесторларының қатарында. Екі елдің шекарасында 7 бірдей бақылау-өткізу пункті жұмыс істейді.
Кездесу барысында екі ел министрліктері «Қарасу» және «Ақтілек» өткізу пункттері ауданында индустриялық сауда-логистикалық кешенді, сондай-ақ Қырғыз Республикасының аумағында үш көтерме-тарату орталығын құру және олардың жұмыс істеуі жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарын қабылдады.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:
Қырғызстан Республикасының аумағында көтерме-бөлшек сауда орталығын құру - тауарды уақытында жеткізуді қамтамасыз етеді. Қазақстан арқылы басқа елдерге шығуға мүмкіндік туады. Бұл елдер арасындағы тауар айналымын ұлғайтуға септігін тигізеді.
Данияр Амангелдиев, Қырғыз Республикасының Экономика және коммерция министрі:
Екі ел басшылары бекіткен іс-шаралар тауар айналымын арттыруға серпін берері сөзсіз. Қырғызстаннан Қазақстан аумағына, сондай-ақ әрі қарай өзге елдерге де ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу жоспарланған. Бұл жоба азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінде де маңызды.