Батыс Қазақстанда шенеуніктің салғырттығынан шетелден әкелінген 45 асыл тұқымды ірі қара аурудан өлді. Сырым ауданында шаруа қожалығының басшысы несиеге 114 бас мал алып келемін деп алдын ала ветеринарлық инспекцияға ескерткен. Әкелген соң мекеме басшысы құжаттарыңыз дұрыс емес деп, малды есепке алмай, шаруаны кері қайтарып жіберген. Кейін де бірнеше өтінішін жауапсыз қалдырған. Көктемде пандемия басталып кетіп, еш жерде тіркелмеген малға екпе салынбаған. Ақыры тек биыл есепке алынып, ірі қараның бруцеллезге шалдыққаны анықталған. Шаруа 115 млн теңге шығынға батып отыр.
Ғалым Тұрсынбаев, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы:
Құжаттары дұрыс болмаған күнде де жәрдем беруі керек, атсалысып, бірге жұмыс істеуі керек. Сол жұмыстарды атқармағаны үшін Әдеп жөніндегі кеңестің мүшелері толық құраммен бірауыздан ол шенеунікті атқаратын лауазымынан босату туралы ұсыныс қабылдап, облыстық ветеринарлық инспекцияға жолдады.