Алматы облысында су қоймасы жарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында су қоймасы жарылды

22.11.2021

Алматы облысында су қоймасы жарылды. Апат болған Книжевск бөгетінің сыйымдылығы, 4,5 млн текше метрді қамтыса, соның жартысы суға толы болған. Кеше түнгі 11-лер шамасында тілсіз жау тоспаның су ағызатын тұсын жарып кеткен.

Тасқын салдарынан 500 метр төменде орналасқан иттердің уақытша паналау орнын су басқан. Төтеншеліктер үй жануарларын қауіпсіз жерге шығарып үлгеріпті. Су қоймасы егін алқабын суғару мақсатына пайдаланылған. Жамбыл ауданы әкімдігінің хабарлауынша апаттан зардап шеккен ешкім жоқ. Бөгет жарылардың алдында Мыңбаев және Қасымбек ауылдарын жалғайтын облыстық маңызы бар тас жол жабылған.

Ақниет Туматаев, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:
Түнгі сағат 12-ден таңғы сағат жетіге дейін жүргіншілердің жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудандық ІІБ қызметерлері мен жол уақытша жабылды. Мыңбаев ауылының тұрғындарына еш қауіп төнген жоқ.

Айта кетейін, дәл осы су қоймасы бұған дейін 2004 жылы да жарылған. 2019 жылы бөгетке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, биыл мамыр айынды ғана пайдалануға берілген. Құрылыс жұмыстарына 450 млн теңге жұмсалыпты. Енді мердігер компания кепілдік мерзімі бойынша қайта қалпына келтіреді. Аудан әкімдігінің сөзінше тоспа сынақ мерзімінде болған. Алайда қысымға шыдас бермей қайта бүлініп отыр.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу